Алматыда тарихи ғимарат Студенттер сарайының төбесі опырылды

24 Қыркүйек 2026, 09:21
АВТОР
 видеодан алынған кадр 24 Қыркүйек 2026, 09:21
24 Қыркүйек 2026, 09:21
182
Фото: видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Студенттер сарайының ғимараты опырылғаны туралы видеолар тарады. Осыған орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын реконструкциялауға қатысты ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Университет мәліметінше, Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Баспасөз қызметі бұл нысан ұзаққа созылған құрылыс қатарына жататынын, ал құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен атқарылғанын атап өтті.

ҚазҰУ мәліметінше, ғимарат шамамен 30 жылға жуық уақыт пайдаланылғанымен, осы кезеңде оған күрделі жөндеу де, реконструкция да жүргізілмеген.

Бұл өз кезегінде құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің табиғи әрі айқын тозуына әкеп соқтырды. Университет пайдаланушы ұйым ретінде ғимараттың техникалық жай-күйін барлық кезең бойы бақылауда ұстап, оның конструктивтік элементтерінің нашарлай бастағанын тіркеп отырды. Осыған байланысты тіреуіш және қоршау конструкцияларына кешенді техникалық зерттеу жүргізу қажеттігі туындады, – делінген ресми мәлімдемеде.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша бірқатар елеулі ақаулар мен зақымдар анықталған.

Атап айтқанда, темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің жоқтығы және конструкциялардың ашық қалған учаскелерінің болуы, жертөле қабатында темірбетон қабырғалардың болмауы, түйіскен жерлеріндегі бағандардың коррозияға ұшырауы және ішінара бұзылуы, құрама темірбетон бағандардың түйіскен жерлерінде қисаюы анықталған.

Сонымен қатар бірінші қабаттан шығатын тұстарда екінші қабатта темірбетон бағандардың болмауы, ригельдердің бағандармен жалғанатын түйіндерінің бұзылуы салдарынан олардың тірек элементтерінсіз жалғануы, ғимараттың бірінші қабатының оңтүстік және солтүстік бөліктеріндегі темірбетон ригельдерінің иіліп қалуы тіркелген.

Бұдан бөлек, кеңістігі топырақпен толтырылған жертөле бөлмесінде темірбетон қабырғалардың болмауы, қасбеттің жылу оқшаулау қабатының толық бұзылуы және «суық көпірлерінің» пайда болуы, сондай-ақ шатырдың металл конструкцияларының, оның ішінде ғимараттың қасбет бөлігі астындағы элементтердің коррозияға ұшырауы мен жергілікті деформациялары анықталған.

Университет өкілдері бұл деректер Студенттер сарайының бастапқыда құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын өрескел бұза отырып пайдалануға берілгенін көрсететінін мәлімдеді.

Ең бастысы, ішкі әрлеу жұмыстарын бөлшектемейінше, мұндай күрделі ақауларды көзбен көріп анықтау мүмкін емес, – деп түсіндірді ҚазҰУ баспасөз қызметі.

Мәлімдемеде қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес ғимараттарға ағымдағы жөндеу әр 3-5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу 20-25 жылда кемінде бір рет жүргізілуі тиіс екені де айтылған.

Сондай-ақ университет 2024 жылдың қаңтар айында Алматы мен оған іргелес аумақта әртүрлі қарқындылықтағы бірнеше жер сілкінісі тіркелгенін еске салды.

Сейсмикалық белсенділік ұзақ уақыт бойы пайдаланылған және зақымдары анықталған ғимараттардың конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай Студенттер сарайының сейсмикалық төзімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді реконструкция жүргізу қажеттілігін одан әрі күшейте түседі, – делінген хабарламада.

ҚазҰУ Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын, қоғамдық және мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін маңызды алаң ретіндегі рөлін ескере отырып, нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Университеттің мәліметінше, реконструкция барысында ғимараттың конструктивтік сенімділігін арттыру және студенттер, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі болады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады және тиісті зерттеу нәтижелері мен алдағы шешімдер туралы ақпарат беріп отырады, – деп қорытындылады баспасөз қызметі.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх