Алматыда шыршаларды қоқысқа тастамай, зообаққа тапсыруға болады

3 Қаңтар 2024, 16:52
492
Бөлісу:
Алматыда шыршаларды қоқысқа тастамай, зообаққа тапсыруға болады

Тұрғындар мерекеден кейін қажетсіз болып қалған тірі шыршалар арқылы жануарлардың мінез-құлқын өзгертуге үлес қоса алады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматы хайуанаттар бағы жылдағы дәстүр бойынша Жаңа жыл мерекесінен қалған тірі шыршаларды қоқысқа тастамай, зообаққа тапсыруға шақырды. 

Біз жасыл желектерді бұғы, қодас, кермаралдардың бақтағы орнын безендіру үшін пайдаланамыз. Олар шыршаларды ары-бері сүйреп, қабығын аршып-жұлып ойнайды. Жануарлар айналасындағы жаңа дүниелерге үнемі үлкен таңданыспен қарайды. Олар кез келген нәрсенің түр-түсін зерттеуге, иісін тануға, дәмін татуға құмар. Тұрғындарға қажетсіз болып қалған тірі шыршалар біздің жануарлардың мінез-құлқын өзгертуге мүмкіндік береді, – деді Алматы хайуанаттар бағының баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, шыршаны Орманов, 64 мекенжайында орналасқан Алматы хайуанаттар бағының қызметкерлер кіретін жағына тапсыруға болады. Дегенмен қызметкерлер жақсы жағдайдағы шыршаларды ғана қабылдайтынын ескертеді.

Шыршаны тапсырарда оның кеуіп кетпегенін, көгермегенін, қылқаны түспегеніне назар аударсаңыздар. Алматы хайуанаттар бағы жылдағы дәстүр бойынша осы шараны өткізеді. Жаңа жыл мерекесінен қалған тірі шыршаларды қоқысқа тастамай, зообаққа тапсыруға болатынын атап өткіміз келеді, – дейді қызметкерлер. 

Ал тұрғындар хайуанаттар бағындағы бұл акцияның жүзеге асып, ысырапшылдыққа жол берілмегеніне қуанышты.

Өзгелердің жаңалығы