Алматыда екі жасөспірімнің көпқабатты үйдің шатырында чемодан өртегені туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Оқиға Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болғаны айтылады.
Кадрларда екі баланың шатырда жанып жатқан чемоданды сүйреп жүргені көрінеді. Кейін олар өрт баспалдағы арқылы төмен түсіп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Бұл жағдайға қатысты Алматы қалалық полициясы пікір білдірді. Ведомствоның мәліметінше, аталған дерек бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.
Қазір кәмелетке толмағандардың жеке басы анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Полиция сондай-ақ жасөспірімдердің өздерімен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізілетінін хабарлады.
Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттер жасөспірімдердің өздеріне ғана емес, айналадағы адамдарға да қауіп төндіретінін ескертті. Олардың айтуынша, абайсызда жасалған мұндай іс ауыр салдарға әкелуі мүмкін.