Алматыда Шарын шатқалында аман қалған қыз бен ата-анасы марапатталды

4 Маусым 2021, 20:08
4165
Бөлісу:
Алматыда Шарын шатқалында аман қалған қыз бен ата-анасы марапатталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 29 мамырда Алматыда Шарын шатқалында қысқа мерзімді нөсер жаңбыр салдарынан болған су тасқыны кезінде аман қалған 11 жасар Зере мен оның ата-анасы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің Алғыс хатымен марапатталды.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгін қыз бала ауруханадан шықты.

Алғыс хатты министрдің атынан Алматы қаласы ТЖ департаментінің бастығы Руслан Қасыбаев табыс етіп, Зеренің ата-анасы- Ұлан Бисембайұлы мен Жания Шымырбекқызына батыл, ержүрек қыз тәрбиелегені үшін, ал кішкентай Зереге төтенше жағдайларда төзімділік, қайсарлық және өмір сүру әдістерін дұрыс қолданғаны үшін алғыс айтты.

Алматыда Шарын шатқалында аман қалған қыз бен ата-анасы марапатталды

Министрдің хатында «Алматы қаласындағы №199 гимназиясының оқушысы Бисембай Зере Ұланқызы табиғи апат салдарынан қауіпті жағдайға тап болып, орын алған жағдайларды байыппен сабырлы бағалап, өмір сүрудің практикалық дағдыларын қолдана білді. Бұл жағдай еліміздің азаматтары үшін өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету дағдыларын игеру және батылдық, байсалдылық және күйзеліске қарсы тұру сияқты тұлғалық қасиеттерді тәрбиелеуде үлгі болып табылады», - деп жазылған.

Еске салсақ, оқыс оқиға кезінде Шарын шатқалында екі адам қаза болған еді. Оның бірі оқушы болса, екіншісі жас мұғалім Мерей Ибрагимов болды. Олар 29 мамыр сел тасқыны болған күні Шарын шатқалына экскурсияға барғандардың қатарында болды. Мерей Ибрагимов оқушыларды құтқарып қалу үшін өз өмірін қиды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Қазақстан Президенті марқұм Мерей Ибрагимовты «Ерлігі үшін» медалімен қайтыс болғаннан кейін марапаттады.

Білім министрі Асхат Аймағамбетов Шарын шатқалында көз жұмған мұғалімнің отбасына барып, көңіл айтты.

Өзгелердің жаңалығы