Алматыда Сайран тұрғындары жаңа құрылысқа алаңдаулы: Әкімдік ресми түсініктеме берді

8 Қыркүйек 2026, 14:47
АВТОР
 видеодан алынған кадр 8 Қыркүйек 2026, 14:47
8 Қыркүйек 2026, 14:47
104
Фото: видеодан алынған кадр

Алматыдағы Сайран ықшамауданының тұрғындары Өтеген батыр көшесі, 112 мекенжайындағы құрылыс жұмыстарына қатысты алаңдаушылық білдіріп, жағдайға қоғам белсенділері, заңгерлер, журналистер мен мемлекеттік органдардың назар аударуын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы бірнеше ай ішінде аталған аумақтағы ғимараттар сүріліп, диаметрі 97 сантиметрге дейін жететін 37 ағаш кесілген. Сондай-ақ құрылыс шұңқыры қазылып, қазіргі уақытта бетон құю жұмыстары басталған.

Олар 25 тамызда Қала құрылысы бақылау басқармасы жер учаскесінің иесінде ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға рұқсат бар екенін ресми түрде хабарлағанын атап өтті. Алайда сол кезде басқармаға құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама түспегені айтылған.

Тұрғындардың сөзінше, болашақ құрылыс жобасы туралы олар барлық жұмыстар басталып кеткеннен кейін ғана білген.

Біз әлі күнге дейін жобаның өзін көрген жоқпыз. Ғимараттарды бұзу, ағаштарды кесу және құрылыс шұңқырын қазу басталғанға дейін жобаны талқылауға ешқандай мүмкіндік болған жоқ. Бұл тек бір құрылыс нысанының мәселесі емес. Бұл – үйлері мен тұрмыс жағдайы жобаға тікелей әсер ететін тұрғындардың қала құрылысы шешімдері қабылданар және жүзеге асырылар алдында неге процеске қатыстырылмайтыны туралы мәселе, – дейді тұрғындар.

Олар бірнеше маңызды сұраққа жауап алғысы келетінін жеткізді. Атап айтқанда, Өтеген батыр көшесі, 112 мекенжайында нақты қандай нысан салынып жатқаны, оның қандай құжаттардың негізінде жүзеге асырылып жатқаны және бұл аумақта көпқабатты құрылыс салуға қалай рұқсат берілгені қызықтырады.

Сонымен қатар тұрғындар құрылыс алаңының қауіпсіздігіне ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр.

Жер телімі Сайран көлінің жағалауына жақын еңіс жерде орналасқан және қолданыстағы тұрғын үйлерге іргелес жатыр. Бізді осы аумақтың қауіпсіздігі алаңдатады, – дейді олар.

Сайран тұрғындары депутаттарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, Қоғамдық кеңес мүшелерін және тәуелсіз сарапшыларды жағдайға араласып, мәселенің жария түрде талқылануына ықпал етуге шақырды.

Сондай-ақ олар әкімдік пен сәулет органдарынан жоба толық келісілгенге дейін оны тұрғындарға таныстырып, ескертулер мен ұсыныстар енгізуге нақты мүмкіндік беруді сұрады.

Біз бұл жердің дамуына түбегейлі қарсы емеспіз. Біздің мақсатымыз – сындарлы диалог орнату және болашақ жоба туралы толық әрі шынайы ақпарат алу. Ауданның дамуы қолданыстағы инфрақұрылымның мүмкіндіктерін, құрылыстың орындылығын және осы жерде тұратын адамдардың мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз, – деп мәлімдеді тұрғындар.

Біз бұл мәселеге қатысты Алматы әкімдігінен түсініктеме беруін сұрадық. Ведомство мәліметінше, аталған мекенжайда орналасқан жер учаскесі жеке меншікте. Оның аумағы 0,78 гектар.

Қала әкімдігі 2023 жылы бекітілген Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес бұл аумақ көпқабатты тұрғын үй құрылысы аймағына жататынын хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, осыған байланысты жер учаскесінің иесі 2026 жылғы 21 мамырда мемлекеттік қызмет көрсету аясында ғимараттар мен құрылыстарды бұзу жұмыстарын жүргізуге шешім алған.

Бұдан кейін Сәулет және қала құрылысы басқармасы ұсынылған құжаттарды қарап, қолданыстағы қала құрылысы талаптарына сәйкес 2026 жылғы 7 тамызда сәулет-жоспарлау тапсырмасын берген.

Сондай-ақ 26 тамызда жапсарлас салынған коммерциялық үй-жайлары мен жерасты паркингі қарастырылған көпфункционалды тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы келісілген.

Әкімдік қазіргі уақытта жақын маңдағы үйлер тұрғындарының өтініштері негізінде Қала құрылысы бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, жер учаскесінің меншік иесіне қатысты қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады, – деп хабарлады әкімдік.

Наверх