Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде жиын өтті

1 Сәуір 2021, 10:07
1915
Бөлісу:
Алматыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде жиын өтті

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда онлайн форматта қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен саяси репрессия құрбандарын ақтау мәселесін жан-жақты зерделеп, оны шешу мақсатында құрылған арнайы қалалық комиссияның бірінші отырысы өтті. 

Алқалы жиында 2021 жылға арналған жұмыс жоспары пысықталды.

Қалалық комиссияның төрағасы Ержан Бабақұмаров 2020 жылдың 24 қарашасындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес комиссияның жұмысы кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруді көздейтінін атап өтті. 

Қалалық комиссияның құрамына танымал тарихшылар, ғылыми институттар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енген.

Бұл комиссияның жұмысын дұрыс жүргізу үшін әдіснамалық комиссия құрылды. Нұр-Сұлтан қаласында орталық кеңсе құрылды. Бір апта бұрын Алматыда осы кеңсенің өкілдігі ашылды, оның базасында біздің қаламызда орналасқан сегіз жұмыс тобының өкілдері жиналып, пікір алмасты. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Мемлекеттік комиссия төрағасының бұйрығымен қазіргі уақытта республикада он бір жұмыс тобы жұмыс істейді. Сонымен қатар әр облыс орталығында жұмыс топтары бар, - деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов. 
Жиынға сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстандық интеллигенцияның мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының төрағасы Ғарифолла Әнес, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, т. ғ. д. Бауыржан Жанғұтдинов, Президент Мұрағаты директорының орынбасары Қайрат Әлімғазинов, Орталық мемлекеттік мұрағат директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева, Алматы қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры Абзал Ботанов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жыл сайын 31 мамыр күні атап өтіледі.


Өзгелердің жаңалығы