Алматыда салынып жатқан тұрғын үй кешені сүріле бастады

2 Қараша 2024, 02:38
2019
Бөлісу:
Алматыда салынып жатқан тұрғын үй кешені сүріле бастады
Фото: скрин

Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, Ерменсай шағынауданындағы 7-ші бұрылыс, 8-учаскеде орналасқан тұрғын үй кешені сот шешімімен заңсыз деп танылды деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нысанға жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында «MGM Development» ЖШС аталған тұрғын үй кешенінің құрылысын СЖТ-сыз, эскиздік жобаны келісусіз, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз, мемлекеттік сараптама, авторлық және техникалық қадағалаусыз бастағаны анықталды.

2022 жылы 21 желтоқсанда тапсырыс берушіге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

2023 жылы 25 сәуірде Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына нысанды сүру туралы талап арыз берілді. 2023 жылы 27 желтоқсанда Алматы қалалық соты МАЭС-ның нысанды сүру туралы шешімін өзгеріссіз қалдырды, меншік иесінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады, - делінген қала әкімдігінің хабарламасында.

Бүгін нысанды сүру жұмыстары Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.

Естеріңізге салайық, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың заңсыз құрылысты бақылауды күшейту тапсырмасы аясында өткен жылдың басынан бері 50 заңсыз нысан, соның ішінде «Мечта», KHAN, «Алма Гарден» тұрғын үй кешендері және басқа да нысандар толық немесе жартылай бұзылды.

Өзгелердің жаңалығы