Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 280 орынға жоспарланған, провизорлық госпитальдің құрылысы басталған алаңға барып, ондағы жұмыстармен танысты. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Госпиталь салу туралы шешімді коронавирус инфекциясына қарсы күрес мақсатында құрылған ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету туралы Мемлекеттік комиссия қабылдаған.
Тез салынатын блокты құрылыс жабдықтарымен тұрғызылатын нысан 280 орынға арналған, оның ішінде 28-і интенсивті терапия бөлімшесіне тиесілі болады.
Мұндай блокты құрылыс жабдықтары аталған госпитальді осынау сын сағатта аз уақыт ішінде салып бітіруге мүмкіндік береді.
Госпиталь коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен байланыста болған және қатерлі індетті жұқтыруы мүмкін деген күдікпен есепке алынған адамдарға арналған.
Мұндай госпитальдар бізге індет жұқтырған жандарды дер шағында анықтауға, оларды дереу оқшаулап, уақытылы әрі жүйелі ем-дом қабылдауына мүмкіндік береді. Сөйтіп, біз қатерлі инфекцияның белең алуына жол бермей, қаладағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұратын боламыз, – дейді Алматы қаласының әкімі.
Аталған нысанның жоспарымен және сызбаларымен танысқан Бақытжан Сағынтаев бүгінде орнын тегістеу жұмыстары басталып кеткен жаңа госпитальдің құрылыс алаңын мұқият қарап шықты.
Сондай-ақ, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Әбілдаевқа осы жобаны қолға алған компания өкілдерімен бірлесіп госпитальға аса қажетті құрал-жабдықтар мәселесін де пысықтауды тапсырды.
Мердігер компания өкілдеріне қолға алған барлық жұмысты сапалы әрі уақытында бітіруді жүктеді.