Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы индустриялық аймақта жылытуға арналған алюминді радиатор шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр.
Қазақстан-Қытай елінің бірлескен кәсіпорнының алғашқы кезеңі 2021 жылы іске қосылмақ. Бұл туралы Алматы индустриялық аймағы хабарлады.
Бұл кәсіпорын 400 адамды жұмыспен қамтымақ. Одан бөлек, жылына 7,22 млн дана өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл - орта есеппен 14,5 млрд теңге. Еңбек өнімділігі 36,4 млрд теңгеге дейін жетпек.
Бұл Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорын болады. Қазір алюминді радиаторлар Италиядан немесе Қытайдан, Ресейден сатып алып жатырмыз. Қытайда жұмыс күшінің қымбаттағанын көріп отырмыз. Осыдан 10 жыл бұрын зауытта істейтіндер 300-500 доллар алса, қазір 1000 долларға дейін алады, оның бәрі өнімнің бағасына әсер етеді, - дейді "Valtherm" ЖШС директоры Андрей Паластров.
Компания келешекте алюминийден автокөліктерге қажетті бөлшектерді шығаруды да жоспарлап отыр.