Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспарын жүзеге асыру аясында қала әкімдігі Құрылыс салудың жаңа қағидаларын әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құжат жобасы "Ашық НҚА" порталында қоғамдық талқыға түсті. Ал бүгін "Алматыбасжоспар" ҒЗИ алаңында аталған құжатты талқылау үшін қала әкімдігі өкілдері, сарапшылар, қала құрылысшылары мен сәулетшілері бас қосты.
Дөңгелек үстел аясында "Алматыбасжоспар" ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов жаңа қағидаларға қатысты өз ой-пікірін білдіруге келген сарапшы мамандарға алғыс айтты. Оның сөзінше, бұл нормативтік құжат қоғам үшін ыңғайлы етіп жасалған.
Бұл құжатты қаламыз үшін барынша икемді етуге тырыстық, әсіресе жоғары сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқаны ескерілген, - деді Асхат Садуов.
Алматы қаласының бас жоспарын әзірлеушілердің бірі, қала салушы Тамара Зологина да жаңа құрылыс қағидаларына қатысты пікір білдірді. Ол жаңа қағидаларда бекітілген Алматы таулы аудандарында құрылыс жүргізуге тыйым салу мегаполистің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды қадам деп ойлайтынын айтты.
Алматы сейсмикалық белсенді аймақты орналасқан, ал тау бөктеріндегі құрылыс жердің жылжуы, жарылуы сияқты басқа да қауіпті геологиялық процестердің қаупін арттырады. Мұндай аудандарда құрылысты шектеу адамдардың өміріне төнген қауіпті алдын алуға септігін тигізеді, - деді Тамара Залогина.
Ал жиынға қатысқан "Алматыбасжоспар" ҒЗИ ғылыми зерттеу бөлімі жетекшісі Жанат Айтлеу жаңа қағидалар несімен ерекшеленетінін айтты. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін елімізде бір ғана құрылыс қағидалар болды.
Алматы қаласының ерекшелігіне байланысты біз жеке құрылыс қағидаларын дайындап, бекітуге мүмкіндік алдық. Бұл құжат қала құрылысына жаңа қарқын береді деп ойлаймыз. Алматы, өздеріңіз білетіндей, сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Соған байланысты таулы аймақтарда, тектоникалық жарық аумақтарда құрылысты қалай жүргізу керектігі осы қағидаларда белгіленген. Жаңа құрылыс қағидалары Алматы қаласының құрылыс қағидаларын одан әрі нақтылай түседі. Мысалы, қала бойынша тарихи орталықта халық тығыздығы 1 гектарға 300 адам болуы керек, басқа аймақта 440 адамға дейін деп есептеледі. Таулы аумақтарда беткейлер, қырлар бар. Соған байланысты Әл-Фараби даңғылының жоғарғы жағында үш қабатты, биіктігі 12 метрден аспайтын ғимараттар салынады, 15 градус беткейге тіпті құрылыс жүргізуге болмайды, - деді Жанат Айтлеу.
Сарапшы қаланың жоғарғы жағында да әлеуметтік ғимараттар салынуы керек дейді. Соған байланысты да қағидаларға өзгерістер енген.
Қаланың жоғарғы бөлігіндегі мәдени, қоғамдық ғимараттарды биіктігі 25 метрден аспайтындай салу туралы норма қостық. Абай даңғылы мен Әл-Фараби даңғылы арасындағы ғимараттар 9 қабаттан аспауы керек. Қазір әл-Фараби бойында 20-18 қабатты үйлер қаптап кетті. Көбейіп кетпес үшін сондай шешім қабылданды, - дейді маман.
Тағы бір атап өтетін жайт – жаңа қағидалар ауыл шаруашылығы мақсатына арналған нысаналы пайдалануға болатын жер учаскелерін бөлуге жол бермейді. Сондай-ақ террассалар мен техникалық қабаттарды реконструкциялау кезінде оны қайта жабдықтауға тыйым салынады.
Жиынды Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев қорытындылады. Әкімдік өкілі жаңа құжат бойынша қаладағы бей-берекет құрылыс мәселесі шешілетінін айтты.
Алматы қаласы үшін қолданыстағы тұрғын үй кварталдары мен аулаларда құрылыс салу мәселесі өзекті. Жаңа қағидалар мұндай жерлерге құрылыс жүргізуге тыйым салады. Жалпы объектілерді қабылдау және пайдалану бойынша мемлекеттік органдардың рөлі күшейтілді, сондай-ақ сәулет-құрылыс бақылау органдарының функциялары кеңейтілді, - деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.
Жиын соңында сарапшылар қала маңындағы аймаққа қатысты регламенттерді редакциялау қажет екенін атап өтті.