Алматыда Райымбек көшесінде BRT жолағын салу жобасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Райымбек даңғылында BRT жолағын салудың маңыздылығын Алматы қаласы Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев айтып берді.
Бүгінгі күні қалада қоғамдық көлік жүретін 178 маршрут бар. Бұл бағыттар бойынша күнделікті 2468 автобус қызмет көрсетеді. 2023 жылы қала 600 жаңа автобус алса, биыл 700 алуды жоспарлап отыр. Бірақ ашығын айтқанда, мегаполисте қоғамдық көлікке арналған қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, адамдар қарбалас сағаттарда автобусты ұзақ күтуге мәжбүр. Сондықтан қаланың Көлік қаңқасының жоспарын жасағанда онда BRT жолағын салуға 296 км берілді. Соның арқасында алдағы уақытта жолаушылар А нүктесінен Б нүктесіне дейін қиындықсыз жете алады, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол мегаполис жолдарында қоғамдық көлікке басымдылық берілетінін атап өтті.
Қаланың бас жоспары бойынша Абай даңғылы метромен қамтылған. Ал Төле би көшесінде LRT болады. Ал Райымбек даңғылында BRT жолағын салу жоспарланған. Бүгінгі күні Райымбек даңғылында 88 маршрут бойынша 1295 автобус жүреді. Сонымен қатар, осы даңғылмен күніне 70 мыңға жуық көлік өтеді. Қазіргі уақытта автобус та, жеке көліктер де кептелісте тұрады. Сондықтан қоғамдық көлікке басымдылық беріледі, - деді Сағындық Телібаев.