Алматыдағы Абай алаңы дәм мен дәстүр тоғысқан ерекше кеңістікке айналды. Ашық аспан астында өткен ауқымды гастрономиялық жәрмеңке ондаған қоғамдық тамақтану орны мен этномәдени бірлестіктердің басын қосып, аспаздық өнердің халықтарды жақындастырып, олардың бірегей мұрасын таныта алатынын айқын аңғартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараның өзегі — әр этностың асханалық байлығын паш ететін кең де берекелі дастархан болды. Ұсынылған тағамдар арқылы әр халықтың ұлттық ерекшелігі мен рухани болмысы көрініс тапты. Түрік этномәдени бірлестігінің ұсынған тағамдар көпшілік назарын айрықша баурады. Оның өкілі Наргиз Мурадова ұлттық тағамдардың қыр-сырын бөлісті.
Біздің ұлттық нанымыз фурун этмеги үлкен пештерде пісіріледі. Синор жұқа лаваштан әзірленіп, үстіне айран немесе йогурт құйылады. Долма жүзім жапырағына түрлі салма салынып дайындалады. Шякярлямя құмды печенье тәрізді, ауызда еріп кететін өте дәмді тәтті. Сондай-ақ пейнир, чечил, кятя және басқа да тағамдар бар, — деді ол.
Қатысушылардың айтуынша, ұсынылған ұлттық тағамдар тек дәмін емес, әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы мен мәдени ерекшелігін, дәстүрлі құндылықтарын танытады.
Жәрмеңке қонақтары ұлттық ас түрлерінен дәм татып қана қоймай, олардың шығу тарихы, дайындалу тәсілдері мен сол тағамдарға қатысты мәдени дәстүрлер туралы да мол мағлұмат алды.
Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Джамиля Бабаева пікір білдірді:
Мұнда мәселен, құмыралар қойылған. Олар ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жетеді. Біз оған су, айран құямыз. Қонақ келгенде арнайы шағын ыдыстарға құйып, қайта-қайта ұсынып отырамыз, — деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар ұлтаралық келісімді нығайтып, мәдени ықпалдастықты дамытуға және гастрономиялық туризмді ілгерілетуге зор ықпал етеді.
Қазіргі жаһандану дәуірінде мәдени байланысты сақтау мен дамыту аса маңызды. Осындай іс-шаралар түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністікті арттырып, достық пен сыйластыққа негізделген орта қалыптастырады. Сонымен қатар, Алматыны бай мәдени әрі гастрономиялық әлеуеті бар қала ретінде танытуға мүмкіндік береді, — дейді ұйымдастырушылар.