Алматыда Қарттар үйінде арнайы айттық дастархан жайылады

26 Маусым 2023, 16:36
825
Бөлісу:
Алматыда Қарттар үйінде арнайы айттық дастархан жайылады
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив

Алматыда Құрбан айт мерекесіне орай бірқатар қайырымдылық іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді Өңірлік коммуникациялар қызметінде айтып өтті. 

Алматылықтар құрбан шалған малдың етін қаладағы өздеріне жақын мешіттерге апарып өткізуге болады. Сол жерден сіздер апарған ет мұқтаж жандарға таратылатын болады. Мәселен, осы бір айтулы мерекеге орай қаладағы 8 ауданда қайырымдылық шарасы өткізіледі. Әуезов ауданында «Таугүл» мешітінің асханасында ақсақалдар мен әжелерге айт дастархан жайылады. Бұдан бөлек, Алатау және Наурызбай аудандарында Балалар үйіне арнайы барып, балаларға айттық базарлық таратып, айт мерекесімен құттықтау ұйымдастырылады. Сондай-ақ Бостандық, Түрксіб аудандарында Қарттар үйіне арнайы айттық дастархан жайып, мерекелік шара ұйымдастырылады, - дейді Алматы Орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді.

Сонымен қатар әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Алматы Орталық мешітінде қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілмек. Жақсылық жасаймын деушілерге есік ашық. 

Спикерлердің айтуынша, көпшіліктің сұранысына орай, онлайн түрде тапсырыс беру үшін «qurban2023.kz» сайты қайта іске қосылды.

Сайт арқылы тапсырыс берушіге құрбандығының шалынғандығы жөнінде видео-есеп жолданады. Алматы қаласындағы құрбандық етін алуға өтініштер «qurban2023.kz» сайты арқылы қабылданады. Онлайн құрбандық шалу рәсімі – «Алтын Орда» базарының маңындағы Абай ауылында орналасқан «Алтын сақа» мал базарында жүргізіледі. Қала тұрғындары «Алтын сақа» мал базарына да келіп, мал сатып алып, сол жерде құрбандығын шалуына болады, - дейді Алматы қаласының Бас имамы Төлеби Оспан.

Өзгелердің жаңалығы