Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коменданттық сағатты бұзғаны үшін 84 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында айтты.
Аталған отырыс қала әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өтіп жатыр. Оның айтуынша, қаладағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және аса маңызды нысандарды қорғауға 3 800 полиция мен жауынгер жұмылдырылған.
Қалада үш аусымды режимде полиция және әскери қызметкерлерден құрылған жаяу патрулдер жұмыс атқаруда. Қала шекарасының негізгі бағыттары бойынша 5 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Оған 390 адам жұмылдырылған. Қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлері қаланың барлық маңызды стратегиялық нысандарын қорғап тұр. Полиция банктердің 49 есеп айырысу бөлімшесін күзетке алды,-деді ол.
Таймерденов сондай-ақ терроризмге қарсы операция басталғалы ІІМ-нің органдарына 2 300 адам жеткізілгенін айтты.
Оның 232-і қарақшы мен жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар, олар қамауға алынды. Коменданттық сағатты бұзғаны үшін 84 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Қалада тоналған 7 қару-жарақ дүкенінен 1 347 бірлік қару ұрланған. Осыған қатысты арнайы тергеу тобы құрылды. Осы сәтке дейін 127 қару тәркіленді, оның 58-і аңшылық дүкеннен ұрланғаны анықталды,-деді Қ. Таймерденов.