Алматы тарихи ғимараттарға бай мекен. Елімізде ең бірінші ашылған оқу орындары мен заманымыздың заңғар тұлғалары тұрған ордалар бүгінде мұражайларға айналған. Қаладағы ескі ғимараттар өткенімізді сабақтап, болашағымызға серпін береді десек артық айтпағанымыз. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі тарихи ғимараттарды аралап, фоторепортаж жасады.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің ғимараты 1908 жылы белгілі сәулетші А.П. Зенковтың жобасы бойынша салынған.
Бұл ғимарат кезінде офицерлер жеке құрамының клубы, Жетісудың I ауылшаруашылық және өндірістік көрмесінің көрме павильоны, пошта-телеграф кеңсесі, "Красная звезда" кинотеатры, офицерлердің жиналыс үйі, аймақтық офицерлер үйі, Орта Азия әскери округі офицерлер үйі қызметін атқарып келді.
1981 жылы 24 сәуірде мұражай көрсетілімге ашылды.
Сол уақытта мұражайға облыс пен жеке адамдар қолынан жиналған 300–ден астам экспонаттар орналастырылып, тіркелген. Осы экспонаттарды ертеректе мұражай қызметкерлері жинақтап, сақтаған.
Кейін келе, 1990 жылы 11 наурызда мұражай XIX-XX ғасырларда өмір сүрген қазақ халқының атақты күйші – қобызшысы, сонымен қатар композитор болған, қылқобызда ойнау шебері Ықылас Дүкенұлы атына өзгертілген.
Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры
Қуыршақ театрының ғимараты 1910 жылы салынған, сәулетшінің аты-жөні белгісіз. Бұрындары бұл жерде мәдени және ойын-сауық іс-шаралары өткізілген. Өнерін сүйетін адамдар театрландырылған қойылымдар өткізген.
1919 жылы ғимаратта РКП Верный қалалық комитеті орналасқан. 1919 жылдан бастап Кеңес театры болған. 1921 жылы 5 ақпанда Қалалық театрда қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен облыстық және қалалық кеңестердің отырысында Верный қаласын Алматы қаласына қайта атау туралы тарихи шешім қабылданған.
Кейінірек Кеңес заманында ғимаратта ұлттық филармония, "Қазақконцерт"орналасқан. 1980 жылдардың ортасынан бастап ғимарат Мемлекеттік қуыршақ театрына берілді.
Мәдениет жылы аясында Алматыда 2012-2013 жылдары бұрынғы ғимаратты бұза отырып, күрделі қайта құру жүргізілді, театрда екі зал бар: үлкені — 215 адамға және кішісі-50 адамға арналған.
88 жылдық терең тарихы бар театр әр елдің шығармаларын ұлттық тілде сахналаумен бірге талантты артистердің, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды.
Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын.
Алматы қаласының тарихи мұражайы
Тарихи ескерткішке айналған бұл ғимарат 1879 жылы Поль Гурдэ есімді архитектордың жобасы бойынша салынған. Верный қаласының Үлкен Алматы станциясында орналасқан 20 адамға арналған "Жетімдер үйі" таршылық ете бастаған соң, жергілікті билік жаңа нысан тұрғызуды ойлайды.
Құрылыс барысында ғимараттың дәл ортасынан Александр Невский мен Мария Магдалинаның құрметіне алып күмбезді шіркеу бой көтереді. Шіркеу мен "Жетімдер үйінің" арасын дәліз байланыстырып тұрған.
1910 жылы болған жер сілкінісі ғимаратты қиратып кетеді, дегенмен ол алғашқылардың бірі болып қайтадан қалыпқа келтіріледі. 1929 жылы Алматы астанаға айналған шақта шіркеу күмбездері құлатылды.
Жалпы кеңес одағының тұсында бұл ғимарат түрлі мақсатта қолданылып, бірде ұлттық коммисарлар кеңесінің мекемесі болса, енді бірде балаларға арналған клиникалық аурухана қызметін атқарды.
1981 жылдан бастап ғимаратқа қалалық медицина училищесі көшіп келеді, кейінірек ол Алматы медициналық колледжіне ауыстырылып, республикадағы ең алғашқы медициналық колледж болып ел тарихында қалады. Ал 2016 жылы бұл көне ғимарат Алматы қаласының тарихи мұражайы болып қала тұрғындары мен қонақтарына есігін ашады.
40 мың экспонаттан тұратын бұл мұражайдан Алматының өткені мен бүгініне қатысты толық мағлұматты алуға болады.
"Қызыл таң" маталар үйі
Ертеректе саудагер И. Ғабдуалиевтер отбасының сауда үйі ретінде танымал, қазіргі "Қызыл таң" маталар үйі ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысындағы сәулет өнерінің қызықты ескерткіштерінің бірі.
1896 жылы қаладағы ең бай саудагерлер Ғабдуалиевтер отбасының тапсырысы бойынша бұл үйдің жоспарын қала құрылысы саласындағы маман – П. Гурдэ бастаған болатын. Бірақ бірнеше себептермен құрылыс жұмыстары кейінге қалдырылып, соңынан мүлдем тоқтатылған.
1912 жылы А. П. Зенков қайта жоспарлауды жүргізіп, ғимаратты қайта салды. Ғимарат созылған Г әрпі пішіндес, орталық қасбеті бар бір қабатты құрылыс болып келеді. Ғимараттың жалпы ауданы 1450 шаршы метр. Бас кіреберістің үстінде қабыршақты жабыны мен кішігірім сүмбісі бар көлемді төртжақты күмбез орнатылған.
Өткен ғасырдың 80-жылдары бұл тарихи ғимарат толықтай жөндеуден өтіп, бұл жерде қала мен аймақтағы ең үлкен маталар дүкені ашылды. Оның жаңа "Қызыл таң" деген атауы өзіндік брендке айналды. 2009 жылы кең жайылған өрт салдарынан шатыр мен қойма бөлмелері бар қосымша құрылыс толық дерлік жанып кеткен.
Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі
1934-1937 жылдары Зубовтың үйінде Ахмет Байтұрсынұлы отбасымен бірге тұрған. Алаш Орда қайраткері ақталғаннан кейін 1988 жылы үй тарих және сәулет ескерткіші болып танылып, 1993 жылы мемориалдық музей-үй ашылды.
Мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 шаршы метр.
Музей-үйі төрт бөлмеден және бір бөлмелі жертөледен тұрады.
Оның ішінде үш бөлме – көрме залы, бір бөлме – дәріс залы. Жертөле-музей қызметкерлерінің кеңсесі.
Музей қорында ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық материал жинақталған, олардың 300- мемлекеттік архивтен алынған түпнұсқа құжаттар, 12 жеке және 27 ұжымдық фотосуреттер.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Оқу орны 1928 жылы 1 қыркүйекте ашылды.
Бірінші қазақ жоғары оқу орны атағына ие болды.
Онда бір ғана педагогика факультеті болады, ол үш бөлімнен тұрды: физика-математика; жаратылыстану; лингвистика-педагогика. Үш факультетті жаңадан қалыптастыру жоспарланды: педагогика, ауыл шаруашылығы, медицина. Олар өз қызметін 1932-33 оқу жылында бастауға міндетті еді.
Халыққа білім беруді қарқынды дамыту үшін қайта ашылған ЖОО жеке педагогикалық институт ретінде жетілдіру қажет болды.
Сондықтан 1930 жылы университет қазақ мемлекеттік педагогикалық институты (ҚазПИ) болып аталды, ал 1935 жылы оған ұлы Абайдың есімі берілді.
ҚазПИ бұрынғы Верный әйелдер гимназиясының бір қабатты ғимаратында орналасқан. Оқуға түсушілерге арнайы 5 айлық курстар жұмыс істей бастады, сонымен қатар педагогика техникум, педогогикалық училище және жұмысшыларға арналған факультет ашылды.
Мектептегі кәсіби мұғалімдерге сұраныстың өсуіне байланысты институтқа студенттерді қабылдау кеңейтілді. Егер соғыстан кейінгі 1946 жылы 1 курстың күндізгі бөліміне 362 студент қабылданса, ал 1956 жылы оның саны 567-ге өсті. Мәселені шешу үшін университет мамандарды дайындауды халықаралық стандарттарға сәйкестендірді.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті
1929 жылы шаңырақ көтерген Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты мен 1930 жылы ашылған Қазақ ауыл шаруашылық институты негізінде 1996 жылы сәуірде Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып құрылды. 2001 жылы 5 шілдеде оған Ұлттық мәртебе беріліп, Қазақ ұлттық аграрлық университеті болып атауы өзгертілді.
Университет ғалымдары ауыл шаруашылығының дақылдары мен өсімдіктердің 47 сортын, жануарлардың 15 жаңа тұқымын, вакциналардың, тағамдық және емдік өнімдердің 30 түрін шығарды, 500-ден астам доктор және кандидат диссертация қорғалып, 200 авторлық патент пен куәлік алынды, 800-ден астам өндірістік ұсыныс жасалды, 10 мыңнан астам ғылыми еңбек жарияланған.
Университет 30-дан астам таяу және алыс шет елдердің жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зертханалық институттарымен тығыз байланыс орнатқан, 200 аграрлық жоғары оқу орнын біріктіретін Әлемдік Консорциумға мүше.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі
Мұражайдың қазіргі ғимараты 1985 жылы сәулетшілер Ю. Ратушный, З. Мустафина мен Б. Рзгалиевтың жобасы бойынша салынған.
Мұражай ғимаратының жалпы ауданы - 17 557 шаршы шақырым. Оның үш қабатында көрме галлереялары мен 4 экспозициялық залы орналасқан.
Экспозициялық топтамасында Қазақстанның ежелгі дәуірінен бастап қазіргі күніне дейінгі терең тарихынан сыр шертетін 200 мыңнан астам жәдігерлік бұйымдар жинақталған.
Ғалам, дүние жаратылысы туралы мұражайдың палеонтология залына хронологиялық мөлш. 570 млн. жыл бұрын кембрий кезеңінен бастау алып, голоцен деп аталатын бүгінгі уақытқа дейінгі кезеңді қамтитын жәдігерлік бұйымдар қойылған. Олар казірғі Қазақстан жерінде тіршілік еткен жан-жануарлар, өсімдіктер, тасқа айналған сүйек қалдықтарымен таныстырады.
Мұражайдың археология қорындағы сирек кездесетін экспонаттар - ежелгі обалар мен көмбелер табылған қола, күміс, алтын бұйымдардың жасалу мәнері ерте дәуірдегі бабаларымыздың эстететикалық талғамын көрсетеді.
Мұражайға 1939 жылы Алматы қаласынан 50 км батыста, Іле Алатауы бөктерінде орналасқан Қарғалы қонысынан табылған көмбе бұйымдары қойылған.
Бұл "Қарғалы көмбесін" қазғанда б.з.б. 2 ғасыр,- б.з. 1 ғасырнда өмір сүрген абыз әйелдің мүрдесімен бірге көмілген ерекше әсем 370 әшекейлік бұйым шықты. Сондай-ақ, мұражайда 1988 жылы (Алматыдан 250 км шығыста) Кеген аңғарындағы ежелгі сақтардың байырғы мекенінен табылған жәдігерліктер бар.
Мұражайда сақталған Қазақстанда б.з.б. 7-3 ғасырларда өмір сүрген ежелгі көшпелілердің тұрмыс салтындағы ғұрыптық ыдыс-аяқтардың жиынтығы - сақ қазандары ТМД аумағындағы ең бай коллекция болып саналды.
Мұражайдың археологиялық қорында 11-15 ғасырлардағы Қазақстанның ежелгі қалаларының материалдық мәдениетінен нақты мәлімет беретін заттар, түркі жауынгерлерінің қару-жарақтары, Ұлы жібек жолы арқылы жеткен шет ел тауарлары мол.
Қазақстан жерінен табылған көне түркі (5 - 8 ) руханиятына қатысты тас мүсіндер, балбал тастар, ескерткіштер, т.б. жиынтығы мұражай қорында сақтаулы.
Қазақ мемлекеттік циркі
Қазақ циркінің ғимаратының 1972 жылы салынды. Архитекторлары В.З. Кацев, И.В. Слоновтың шешімінен қазіргі үлгі мен ұлттық сәулет өнерінің үндестігі аңғарылады. Шеңбер күйінде салынған ғимарат төбесі күмбезделіп жабылған.
Цирк амфитеатрын (2160 орынды) көмкерген 2 қабатты фойеде киім ілгіш пен дәмханалар, ал әкімшілік-тұрмыс ғимаратында әртістер бөлмелері, жаттығу манежі, асхана, хайуанаттар қорасы және т.б. орналасқан.
Хайуанаттарды серуендетуге арналған ішкі ауласы бар. Цирк ұжымы 1978–1982 жылы Бүкілодақтық цирк өнерінің байқауында жеңімпаз атанды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры
Абай даңғылының бойында 1981 жылы Қазақ драма театры үшін жаңа ғимарат салынған.
Театр ғимараты салынғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Инженерлік желілері мен материалдық-техникалық базасы тозғандықтан өрт қаупі жоғары. Ғимарат реконструкциясы театрдың тарихи келбетін сақтай отырып жүргізіледі. Өйткені ғимарат жергілікті маңызы бар мәдени ескерткіш мәртебесіне ие.
Бүгінгі күні ғимараттың алды қоршаумен жабылған. Театрдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көруге болады. Жалпы ғимарат консрукциялық және сәулеттік ерекшеліктері бойынша бірегей ғимарат болып табылады.
Барлық қасбеттердің композициялық шешімі негізінде – негізгі көлемнің тұтастығы жатыр. Ғимарат жоғары цокольде орналасқан. Басты кіреберіс салтанатты баспалдақпен белгіленген, оның алдында М.О. Әуезов ескерткіші орнатылған.
Осы ретте, айта кетерлігі Алматының барлық ескі үйлерінің жартысы (676) 2030 жылға дейін модернизацияланбақ. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алматыдағы ОКҚ брифингінде сөйлеген сөзінде айтты.
Қала әкімдігі 2024 жылғы 29 қарашада мәслихатпен бекітілген 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасын әзірледі. Реновацияның жаңа бағдарламасының негізгі қағидаты кварталдық даму болып табылады. Бұл ретте, ескі тұрғын үй иелеріне "бөлме үшін бөлме" қағидаты бойынша айырбастау немесе нарықтық құны бойынша ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі беріледі, - деді Ерболат Досаев.
Қала басшысы атап өткендей, бүгінде Алматыда 14 430 пәтерге арналған 1 366 ескі үй бар, онда 43 мыңнан астам адам тұрады. Реновация бағдарламасында оның 676-сы, яғни 2030 жылға дейін тозығы жеткен үйлердің жартысы модернизацияланады. Оның айтуынша, реновация бағдарламасы сейсмикалық қауіпсіздікті күшейтуді ескере отырып, тұрғын үй қорын жаңартуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаға сәйкес ғимараттарды көшіру және бұзу барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін бірінші қабаттарға немесе лифттермен, пандустармен және кедергісіз кірумен жабдықталған үйлерге көшу шарттары көзделген. Мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тектоникалық ақауларда орналасқан қаңқалы - қамысты үйлер мен ғимараттарды бұзуға баса назар аударылады.