Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуінде аудандағы көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша қандай шаралар іске асатыны жайлы баяндады.
Оның айтуынша, аудандағы көлік инфрақұрылымының негізгі проблемалары маршруттардың жетіспеуі және олардың тұрақты қатынамауы, жылжымалы құрамның жетіспеуі, сондай-ақ автобус аялдамаларының аз болуы.
Метроның 2 жаңа станциясын іске қосу жоспарланған, сондықтан осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін қаланың батыс бөлігіндегі маршруттық желіге оптимизация жүргізуді қарастырып жатырмыз. Осылайша, Наурызбай ауданында 3 жаңа маршрут ашылады, қазіргі 5 маршрут күшейтіледі, бұл көлік қызметін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді, - деді қала әкімі.
Досаев сондай-ақ ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты, алдағы 5 жылда Наурызбай ауданы халқының саны 150 мың адамға артатынын жеткізді.
Наурызбай ауданында халық тығыздығы артоуына байланысты метро трассасы «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарының жанындағы станцияға дейін Әшімов көшесінің бойымен өзгертілді. Қазіргі уақытта «Қалқаман» станциясының құрылысы басталды. Ол Абай даңғылымен Яссауи көшесінен батысқа қарай Әшімов көшесіне дейін орналасқан. Метроны 2025 жылға дейін салып бітіру көзделіп отыр, - деді ол.
Сонымен қатар ол аталған ауданда аялдама кешендерін салу қажеттілігіне жеке тоқталып өтті. Қазіргі таңда 35 бірлік аялдама бар екен.
Бұл ретте, қазіргі тығыз орналасу жағдайына байланысты, яғни жолдардың тар болуы, бау-бақша серіктестіктерін салу кезінде қызыл линиядан асып кетуді ескеріп, осы жылдың соңына дейін талаптарға сәйкес келетін, барлығы 8 аялдама орнатылады, қалған 27 учаскеде «Аялдама» деген белгі қойылады, - деді Ерболат Досаев.