Алматыдағы Тұңғыш президент саябағында жыл сайынғы «AЛМА FEST» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ауқымды іс-шара аясында түрлі алаңқайлар тақырыпқа сай безендіріліп, келгендерге кәдесый ұсынылды.
Еске сала кетейік, қыркүйектің үшінші жексенбісінде Алматыда қала күні тойланады. Осы ретте, қала әкімдігінің қолдауымен түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған еді.
Алматыда өстім, студенттік шағым осында өтті. Бұл қала менің жүрегімде ерекше орын алады. Қарап отырсам, ғұмырымның 70 жылы осында өткен. Алматы жылда өркендеп, дамып келеді. Дегенмен бұрынғыдай табиғаты көркем емес. Бұрын қала жасыл желекке оранған, ауасы таза, алмасы көп болатын. Адамдар қоқысты бей-берекет шаша бермейтін. Болашақта қаланың табиғаты жақсарады деген сенімдемін. Бүгінгі айтулы мерекемен қала қонақтарын шын жүректен құттықтаймын, – дейді қала тұрғыны Ажарқан Молдабаева.
Фестиваль бағдарламасында алма базары, қалалық мейрамханалар жәрмеңкесі, спорттық және концерттік бағдарламалар ұсынылды. Облыстық шаруашылықтар сататын алма өткен жылғы 100 тоннадан 127 тоннаға көбейген.
Әсем қала Алматыда Қала күні жыл сайын ерекше ұйымдастырылады. Биыл қаланың әр аймағында концерттік бағдарлама өтіп жатыр. Фестивальге отбасыммен келдім, суретке түсетін аймақтары қатты ұнады. Үйге 3 кг алма сатып алдық. Балаларымыз да ойын алаңқайларын да көңіл көтеріп, ойын ойнап, жүлдеге ие болды, – дейді қала тұрғыны Әсем Серікқызы.
Қала күні мерекесі аясында «Алматы қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісі тапсырылады.
Еске сала кетейік, сағат 16:00-де Астана алаңында «Сағындым Алматымды» музыкалық фестивалі өтеді. Сонымен қатар, сағат 19:00-де Абай алаңында «Алматы жұлдыздары» музыкалық фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарын қуантпақ.