Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19 пандемиясына байланысты жарияланған карантин уақытында ел тұрғындарын қолдау мақсатында және өз-өзін оқшаулау ситуциясында стресстік жағдайға түсудің алдын алу бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мамандары психологиялық қызмет көрсетуді бастады.
Бұл туралы университеттің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Оқу орнының білікті психолог мамандарынан құралған топ "Отбасы", "Психикалық саулық" және "Оқу, мотивация және өзін-өзі іске асыруы" бағыттары бойынша кеңес жүргізбек. Қызметтердің барлығы тегін, – деп атап өтті Ж. Асан.
Психологтар өзін-өзі оқшаулау ситуациясында отбасы ресурстарын қолдау, әртүрлі жас ерекшеліктеріндегі балалардың тәрбиесіне байланысты сұрақтар, отбасындағы зорлық-зомбылық әрекеттерді болдырмау, жұмыссыздық дағдарысы, карантин кезінде "мобилді топтардағы" жұмыс атқарушы мамандардың кәсіби-эмоциялық құлдырауы сияқты сауалдар төңірегінде кеңес береді.
Сонымен қатар олар тұлғаның онлайн-сабаққа психологиялық бейімделуі, оқушыларда, студенттерде оқуға деген мотивацияны қалыптастыру, студенттердің диплом жұмысын қорғауға психологиялық дайындығы, инклюзивті оқыту ерекшеліктері жайындағы мәселелерді де қарастырады.
Психологиялық кеңес және қолдау алу үшін операторларға қоңырау шалып, алдын ала сұраныс қалдыруыңыз керек.
Психологиялық қызмет дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-18:00 аралығында жұмыс істейді. Алдын ала жазылуды сізбен хабарласқан операторлар мамандарға бағыттайды, - делінген ақпаратта.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері мен оқытушылары "UNIVER" ақпараттық жүйесі арқылы психологиялық қолдау алуға мүмкіндіктері бар.