Есепке алынған 5491 пациенттің 16,2%-ы өзге өңірлерден тіркелді. Олардың 125-інде ауру асқынған кезеңде анықталған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшсі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов мәлімдеді.
Онкологиялық орталықта 31866 емделуші есепке алынған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Алматы қаласында 5491 пациент анықталып, есепке қойылды. Қатерлі ісік дертіне шалдыққандар құрылымы өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды: бірінші орында – сүт безі обыры (14,5%) екіншісі – колоректальды қатерлі ісік (8,9%), үшіншісі – өкпенің қатерлі ісігі (6,0%), төртіншісі – қуықасты безінің қатерлі ісігі (5,2%). Өткен жылдың қорытындысы бойынша есепке алынған 5491 пациенттің 16,2%-ы басқа өңірлерден келіп тіркелді. Олардың 125-інде ауру асқынған кезеңде анықталған. Науқастардың көбі Алматы және Жамбыл облыстарынан келген, – дейді Нұрсұлтан Ізбағамбетов.
Онкологиялық орталықтың директоры қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім үш жылда 12,4%-ға төмендегенін атап өтті.
Өткен жылы Алматының онкологиялық орталығында 22576 науқас емделді. Хирургиялық бөлімшелерде 2681 хирургиялық ота жасалды. Бұл ретте операциялардың 55%-ы аз инвазивті әдістермен жүргізіледі. Бүгінгі таңда онкологиялық орталықтың арсеналында химиотерапияның 50-ге жуық түрі, 40-тан астам мақсатты және гормоналды препараттар қолданылады, соның арқасында 18790 пациент химиотерапиялық ем алды. Онкологиялық науқастарды емдеу үшін Алматы онкологиялық орталығында сәулелік терапия белсенді қолданылады. Есепті кезеңде радиологиялық бөлімшеде 1064 онкологиялық науқасқа 18853 сеанс өткізілді. Амбулаториялық химиотерапия кабинетінің жағдайында 2023 жылы 10498 пациент ем алды, – дейді Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов.