Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Сенат кулуарында берген сұхбатында Алматыда оқытушысын пышақтаған студент ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, мұндай жағдайларға жол беруге болмайды.
Қалай болғанда да, бұл – оқу орны, ал оның ең басты міндеті – оқу процесін қамтамасыз ету және білім сапасын сақтау. Бұл жағдайда студент пен оқытушының арасында жеке жағдай қалыптасқан. Сол сәтте жанында болғандар дереу дұрыс әрекет етті. Бүгін оқытушы қайтадан жұмысқа кірісіп, өз жұмыс орнында отыр, – деп атап өтті вице-министр.
Мәлімдеуінше, бұл оқиға заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады, содан кейін ғана тиісті шешімдер қабылданады.
Әрине, алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол беруге болмайды. Әрбір жоғары оқу орнында қызметтің типтік қағидалары, ішкі тәртіп ережелері бар, осының бәрі ескеріледі. Жоқ, студент бірден оқудан шығарылмайды. Алдымен тергеу жүргізіледі, содан кейін ғана оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады, – деді Гүлзат Көбенова.
Сондай-ақ жоғары оқу орнының өзі де бұл жағдайды қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің жеткіліктілігі тұрғысынан қарап, зерделейді деп отыр.
Этика жөніндегі кеңес бар, мұндай мәселелер міндетті түрде сол жерде қаралады. Қауіпсіздік нашар болды деп те айта алмаймын. Өйткені бұл жерде студенттің жеке әрекеті орын алды. Яғни, жағдай нақты бір студентке қатысты. Әрине, шаралар қабылданады, бұл алдағы уақытта ескеріледі. Сонымен қатар басқа жоғары оқу орындарында да профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Барлық оқу орындарымен әңгіме өткізілді. Оның үстіне, біз тәрбие жұмысына жауапты проректорлармен апта сайын кездесіп отырамыз, осы бағытты қадағалаймыз. Бұл мәселе кезекті күн тәртібінде де қаралды. Жалпы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін техникалық жабдықтар барлық жерде бар. Бірақ мәселе тек техникада емес, адамдардың өзін қалай ұстауына қатысты, - деп түйіндеді ведомсто өкілі.
Еске салайық, биыл 23 желтоқсанда 18 жастағы екінші курс студенті ALT University ғимаратына пышақ алып кіріп, ерлер дәретханасында 35 жастағы оқытушыға шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Зардап шеккен оқытушының мойын тұсынан жарақат алғаны айтылды.