Алматы, BAQ.KZ. Қалалық автобус бағыттары 21 мамырдан бастап сағат 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Бұл ретте жолаушылар бетперде тағу және әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты санитарлық нормаларды қатаң сақтаған жағдайда ғана қоғамдық көлікпен қатынай алады. Сондай-ақ автобус салонындағы жолаушылар саны отыратын орындардың санынан аспауы тиіс,-делінген хабарламада.
Егер автобустағы барлық орындар бос емес болса, келесі автобусты күту керектігі айтылған. Жолаушылар ағынының айтарлықтай азаюына қарамастан, қала тұрғындарының ыңғайлылығы мен күту аралығын қысқарту үшін қазір автобустардың 90% - ы жолға шығарылған.
Сондай-ақ жолаушылар ағынының ұлғаюы байқалған бағыттарда автобустар саны артқан.
Санитарлық нормалардың сақталуына жолаушылардың өздері жауапты екенін атап өткен жөн. СЭС қызметкерлері құқық қорғау органдарымен бірлесіп қоғамдық көлікте тексерулер ұйымдастырады,-делінген хабарламада.
Ал, қала маңы маршруттарының жұмысын қалпына келтіру әзірге жоспарда жоқ.