Алматыда Ұлттық баспасөз клубында «Алматы қаласында халықты әлеуметтік қолдау туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға бөлінетін бюжет жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
2023 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға 13,2 млрд. теңге бөлінді. Жалпы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаржы қаражатының көлемі жыл сайын артып келеді: 2020 жылы – 4,6 млрд. теңге, 2021 жылы – 5,2 млрд. теңге, 2022 жылы - 7,9 млрд. теңге болды. Бүгінгі күні мүгедектігі бар 39 426 адам жеке реабилитация және оңалту бағдарламасының әлеуметтік бөлігіне сәйкес техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін бізге жүгінді. Олардың ішінде 34 334 адам қажетті оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді және қажетті қызметтерді ала алды. Бұл өтініш берген адамдардың 87,1%-ы. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Бауыржан Жаубасов «Алматыда инклюзивті орта құру» жоспарына байланысты нақты атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының Жол картасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды іске асыру шеңберінде «Алматыда инклюзивті орта құру» бөлімі бойынша мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттік сатып алу арқылы жеке тапсырыс бойынша инновациялық техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, қазірге дейін мемлекеттік сатып алу арқылы оңалтудың инновациялық техникалық құралдарымен 430 адам қамтамасыз етілді, – деді Бауыржан Жаубасов.