Алматыда моншада уланып қала жаздаған отбасының қазіргі жағдайы қандай?

2 Наурыз 2021, 17:24
4883
Бөлісу:
Алматыда моншада уланып қала жаздаған отбасының қазіргі жағдайы қандай?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Самат Асаинов онлайн брифингте моншада уланып қалған отбасының жағдайына қатысты түсінік берді.

Бүгін Алматыда бір отбасының моншада уланып қала жаздағаны туралы ақпарат тараған. Кішкентай балалары бар ерлі-зайыптылар ақылы моншаға барғанда балалары өздерін нашар сезінетінін айтқан. Біраз уақыттан кейін отбасы мүшелерінің барлығының басы ауырып, сыртқа шықпақ болған. Алайда монша иесі оларды сыртынан бекітіп кеткендіктен, далаға шыға алмай, айқайлаған. Арада біраз уақыт өткенде монша иесі келіп, есікті ашып, жедел жәрдем шақырған.

Самат Асаиновтың айтуынша, бұл жағдай 27 ақпан күні болған.

27 ақпан күні Алатау ауданында бір отбасының моншада тұншығып қала жаздау оқиғасы тіркелді. Моншада балалардың улану себебі - жылыту пешінің түтін шығатын мұржасы бітеліп қалған. Қазір балалар ауруханадан шықты. Отбасының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл жағдай бойынша іс материалы Алатау аудандық Полиция басқармасына тапсырылды, - деді ол. 

Сонымен қатар ол 2021 жылдың 2 айында Алматы аумағында147 өрт тіркелгенін мәлімдеді. 

Өрттен зардап шеккендер саны - 14 адам. 5 адам құтқарылған, сондай-ақ 20 млн теңгеден астам сомадағы мүлік аман қалды. Өрттен көз жұму дерегі тіркелген жоқ. 96 өрт жеке тұрғын үйде болған, бұл жалпы өрттің 65%-ын құрайды. Өртің шығуына негізінен немқұрайлы қарау, абайсыздық, өрттен сақтау ережесін ұстанбау болып отыр, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы