Алматыда медициналық журналистика бойынша оқыту курстары аяқталды

12 Ақпан 2021, 20:35
1427
Бөлісу:
Алматыда медициналық журналистика бойынша оқыту курстары аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен медициналық журналистика бойынша оқыту курстары аяқталды.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бес күн ішінде курстарға қатысушыларға адамның репродуктивті денсаулығы, трансплантология, медициналық құқық, дәрігерлік қателіктер, дұрыс тамақтану, коронавирус пандемиясы, вирусология және эпидемиология саласындағы өзекті мәселелер түсіндірілді.

Сонымен қатар, қатысушылар клиникалық базаларға барып, медициналық ұйымдардың қызметімен және дәрігерлердің жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.

Семинарларға БАҚ («Қазақстан» РТРК» АҚ, «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС, «Atameken business» Media holding, ОРТ Қазақстан – Еуразия, Tengrinews.kz, 365info.kz және т.б.), азаматтық сектор өкілдері қатысты. Курс соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Дәріскерлер ретінде профессор, ҚР ҰҒА академигі, РМТҒА академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының (ҚРМҚ) президенті, Халықаралық репродуктология академиясының президенті Вячеслав Локшин, медицина профессоры, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті, Халықаралық денсаулық сақтау және ауруханалық басқару саласындағы маман, Америкалық Денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман, медицина ғылымдарының докторы, Х. Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің эпидемиология кафедрасының профессоры Сәкен Әміреев және басқалары сөз сөйледі.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, С. Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Меморандумның негізгі мақсаты медицина саласында маманданған салалық журналистерді даярлау. 

Өзгелердің жаңалығы