Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда ұлттық "Құлагер-2019" кинематографиялық жүлдесі табысталды. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін мәдени іс-шараны Қазақстан кинематографистер одағы ұйымдастырып отыр.
Қазақстан киногерлер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов "Құлагер-2019" сыйлығының басты марапаты – "Үздік фильм" жүлдесін "Тұлғалық өсу тренингі" картинасы үшін Фархат Шәріповке табыстады. Марапатталған жас режиссер 10 жыл бұрын "Қызғылт қоян туралы ертегі" фильмі үшін "Құлагер" жүлдесін алғаны туралы еске алып, киногерлер одағына алғысын білдірді.
Айта кетсек, "Тұлғалық өсу тренингі" фильмінде басты рөлді сомдаған актер Ержан Түсіпов "Үздік актер" жүлдесіне ие болды. Ал "Үздік актриса" сыйлығы Аружан Жазылбековаға бұйырды ("Композитор" фильмінде сомдаған рөлі үшін).
"Үздік режиссер" сыйлығы биыл Әділхан Ержановқа табысталды.
Естеріңізге сала кетсек, осы фильм үшін отандық режиссер халықаралық белді киножүлдесі - Asia Pacific Screen Awards-2019 сыйлығын алған болатын.
Сонымен қатар, "Құлагер-2019" киножүлдесімен келесі киногерлер марапатталды, олар: Тасболат Мерекенов (үздік продюсер, "Жақсылық" фильмі), Николай Раисов (үздік сценарий, «60 дней войны» деректі фильмі), Александр Рубанов (үздік оператор, "Бүркітші" және "Адай жылқысы" деректі фильмдері үшін), режиссер Нұргельді Садығұлов (үздік дебют, "Балуан Шолақ" фильмі), қоюшы суретші Владимир Арыскин (қазақ киносының дамуына қосқан үлесі үшін).
"Үздік деректі фильм" номинациясы бойынша "Серке Қожамқұлов" деректі фильмі жеңіске жетті. Туындының режиссері Алексей Каменский.
Ал "Үздік анимациялық фильм" сыйлығы Қазақстан киногерлер одағы шешімі бойынша режиссер Адай Әбілдиновтың "Күлтегін" фильміне табысталды.
Отыз жыл бұрын жарыққа шыққан "Ине" фильмінің режиссері Рашид Нұғымановқа "Аңызға айналған фильм" жүлдесі табысталды.
Бұл өз елімде алып жатқан менің алғашқы жүлдем, - деді режиссер марапаттау салтанатында.
Сондай-ақ "Құлагер" сыйлығын Ренат Ғайсин (Үздік композитор, "Томирис" картинасы үшін), Жайдарбек Күнғожинов (Үздік каскадер), Олег Борецкий (Үздік киносыншы) алды.
Естеріңізге сала кетсек, ұлттық кинематография саласының сапалы даму деңгейін бағалау мақсатында Қазақстан киногерлер Одағы ұйымдастыруымен табысталатын "Құлагер" ұлттық кинематографиялық жүлдесі 2007 жылдан бастап өткізіледі.