Алматыда әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтуде

16 Сәуір 2019, 12:43
2542
Бөлісу:
Алматыда әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтуде
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда «Zamannyn` ziatker jastary — vision of the future» атты әлеуметтік жобалардың жәрмеңкесі өтіп жатыр.

Байқауда жеңімпаз атанған әлеуметтік жобалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының грантына ие болады.

Жәрмеңкенің салтанатты ашылуы барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры Сергей Тохтаров биылғы байқау Жастар жылына арналып отырғанын жеткізді.

Алматыда әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтуде

«Осымен 15 рет өткізіліп отырған бұл шара қоғамға қажетті екенін байқатып отыр. Тұңғыш президент қоры ұйымдастыратын әлеуметтік идеялар жобасының жәрмеңкесі аясында елімізде алғаш рет ҮЕҰ-дың жобалары қаржыландырылған еді. Осы күнге дейін 271 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылған. Оның барлығы руханият пен дәстүрді қайта жаңғыртуға арналды. Сонымен қатар, отбасының ролін нығайту, ересек адамдар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын көтеруге бағытталды. Біздің Қор тек кең көлемді жобаларды ғана емес, адам өміріне пайда әкелетін маңызды шағын идеяларға да қолдау көрсетіп келеді», - деді Сергей Тохтаров.

Аталған байқауға ҮЕҰ, этникалық бірлестіктер, қоғамдық кеңес, бастамашыл жастар тобы мен клубтары қатысуда. Екі күнге жалғасатын жәрмеңке барысында шеберлік сағаттары, дөңгелек үстелдер өткізілмек. 

Алматыда әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтуде

Әлеуметтік идеялар мен жобалар байқауының негізгі мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту және әлеуметтік маңызы бар тапсырмаларды шешу. 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының PR-менеджері Артур Жұмашев биылғы байқауға барлығы 160 өтінім келіп түскенін айтады.

Алматыда әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өтуде

«Байқау жылдың басында басталды. Осы уақытқа дейін еліміздің 16 аймағынан 160 өтініш келіп түсті, соның ішінен 50 жоба таңдалып алынды. Бүгін кешке дейін байқауға қатысушылар өз жобаларын қорғайтын болады. Нәтижесінде 10-ға жуық ҮЕҰ өз жобаларын қаржыландыруға біздің қордан ақшалай грантқа ие болады. Биылғы байқауға қатысушыларға еліміздің мәдениетін, дәстүрін танытуды және қазақ тілін үйретуді ақпараттық технологиялар арқылы жеткізу талаптары қойылған», - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы