Алматыда қытайлық вакцинаны қанша адам алғаны белгілі болды

13 Мамыр 2021, 10:56
1260
Бөлісу:
Алматыда қытайлық вакцинаны қанша адам алғаны белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте 3 053 адам вакцина алған. Қала тұрғындарына ресейлік, отандық және қытай вакцинасы салынып жатыр.

Алматыда 1 ақпанан бері 302 985 адам вакцина салдырған, оның 2 990-ы Қазақстанда өндірілген QazVac вакцинасын алған. 3 мамыр күні қалаға қытайлық Sinopharm вакцинасының 15 000 дозасы жеткізілді, оның бірінші компонентін 1 514 адам алған.

Қала бойынша 60 жастан асқан 30 382 қарт кісі вакцина салдырды. Бүгінгі таңда 214 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр, 315 вакцинация бригадасына 1 282 медицина қызметкері жұмылдырылған, оған қоса көшпелі мобильді бригадалар іске қосылған, - делінген хабарламада.

12 мамыр күні қалада коронавирустық инфекцияның 597 жаңа жағдайы тіркелген, оның 535 симптомдық белгілері бар және 62 симптомсыз.

Барлық инфекциялық стационарда 3 162 адам бар, оның 88-і бала. Жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде 217 науқас жатыр. 3 906 науқас амбулаториялық бақылауда, оның ішінде 3 403 науқаста жеңіл және орташа дәрежедегі симптомдық белгілері бар және 503 симптомсыз, - делінген хабарламада.
Өзгелердің жаңалығы