Алматыда Корей әдеби кеші өтті

4 Қараша 2021, 09:33
1783
Бөлісу:
Алматыда Корей әдеби кеші өтті
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Алматы қаласындағы Корей Бас консулдығымен бірлесіп «Корей әдебиеті кешін» ұйымдастырды.

Аталған шара былтыр ашылған «Корея мен танысу» кітап бұрышы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты - корей мәдениетімен, тарихымен танысу, корей әдебиетінің білім аясын кеңейту және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту. Іс-шараға Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, халықаралық компаниялар, мемлекеттік ұйымдар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері, театрлар, БАҚ өкілдері шақырылды.

Кешті ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал құттықтау сөзімен ашып, аталған шараны ұйымдастыруға атсалысқан Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ким Хынг Суға алғысын білдірді.

Өз кезегінде Бас консул осыдан бір жыл бұрын «Кореямен танысу» бұрышын ашқандарын және соның аясында әдеби кешті өткізуді жоспарлап жүргенін жеткізді.

Қазақстандағы кітап қоры мол кітапханада Корея әдебиетінің бұрышын ашқан едік. Бүгін корей әдеби кеші ұйымдастырылып отыр. Өзге елдердікі сияқты Корея әдебиеті де бай, онда тарихи дүниелер, Жапония империясының басқыншылығы, Кореяның оңтүстік және солтүстік болып бөлінуі барлығы баяндалып келді. Яғни, корея қоғамының мың қилы тағдыры мен адамзатқа деген сүйіспеншілік әрдайым көрініс тауып отырды,-деді Ким Хынг Су.

Алматыда Корей әдеби кеші өтті


Сонымен қатар ол консульдық келесі жылы мәдени ынтымақтастықты нығайту жолында көптеген іс-шара өткізетінін айтты.

Осындай шағын іс-шаралар екі елдің бір-бірін жақсы түсініп, ынтымағын арттыра түседі. Алдағы уақытта Ұлттық кітапханадағы Корей кітаптары қорын толықтырып отырамыз, сондықтан оқырмандар корей әдебиетімен жақын таныса түседі деген ойдамын,-деді консул.


Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бүгінгі Оңтүстік Корея әдебиетінің кеші біздің оқырман қауымының алдында жаңа парақты ашқандай әсер қалдыратыныны жеткізді.

Біз елімізде тұратын Корей диаспорасымен етене араласып, олардың ақын, жазушыларымен бірге жұмыс істедік. Қазір Мәскеуде тұратын Аналоли Ким деген үлкен жазушы жерлесіміз бар. Ол кісі «Абай жолы» эпопеясын орыс тіліне қайта аударып шықты. Ол ең үздік аударма болып саналады. Дипломаттардың арқасында екі ел арасындағы экономикалық, технологиялық байланыстар жақсы дамуда. Дегенмен, мәдениет, әдебиет саласындағы ынтымақтастығымыз кенже қалып жатыр,-деді Ұ. Есдәулет.

Алматыда Корей әдеби кеші өтті


Әдеби кеште Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті және Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері қатысып, корей авторларының туындыларын оқыды.

Іс-шара Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы және Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры әртістерінің концерттік номерлерімен сүйемелденді.

Сондай-ақ, Әлем әдебиеті оқу залында «ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан корей әдебиеті» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде көркем әдебиеттер, поэзия және Корей тарихының кітаптары, Қазақстандағы корей авторларының қазақ және орыс тілдеріне аударылған шығармалары және қазақ жазушыларының корей тіліндегі кітаптарының аудармалары қойлыған.

Өзгелердің жаңалығы