Алматы, BAQ.KZ. Өткен түнде Криминалдық полиция қызметкерлері өткізген түнгі рейд барысында Алматы қаласы Наурызбай ауданы аумағында орналасқан қонақ үй кешенінде жезөкшелікпен айналысатын 7 бойжеткен анықталды.
Тексеру барысында ұсталған қыздардың бірі көрші Өзбекстан азаматы екені анықталған.
Жедел уәкілдер жедел–іздестіру іс-шараларын өткізу барысында аталған қонақ үйде осы мекеменің әкімшісі мен жезөкшелікпен айналысатын жеті бойжеткенді анықтады. Тексеру барысында жеңіл жүрісті қыздардың біреуінің ҚР көші-қон заңнамасын өрескел бұзып, Қазақстанда жүрген Өзбек елінің азаматшасы екені, қалған алты қыздың еліміздің азаматшалары екендіктері белгілі болды. Таяу күндері Өзбекстан Республикасының азаматшасы сот шешімімен ел аумағынан шығарылады,-дейді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Ұсталған барлық азаматша полицияға жеткізіліп, олардың қандай-да бір құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатыстылығы тексерілген. Ал қонақ үйді жезөкшелер ошағына айналдырған мекеме басшылығына қатысты тиісті шара қолданылмақ.