Алматы қаласының ПД кәмелетке толмаған жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзу фактісін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Polisia.kz порталының мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде Сейфуллин көшесі бойымен солтүстік бағытта Mercedes-Benz автокөлігінің қарсы жолаққа шыққаны анықталды. Бұл жағдай Тимирязев көшесінің қиылысында болды.
Полиция жедел түрде жүргізуші — 2008 жылы туған И.А. есімді азаматты анықтады. Оның көлік құралын басқаруға құқығы жоқ. Кәмелетке толмаған бала Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 596-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды (Қарсы қозғалысқа арналған жолаққа шығу). Оның заңды өкілі У.Г. ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша тәрбие міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Құқық бұзушымен және оның заңды өкілімен тиісті түсіндірме әңгіме жүргізілді, - делінген хабарламада.