Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы аумағында жыл басынан бері тұрақта тұрған көліктерден мемлекеттік нөмірлерді ұрлаудың 21 фактісі тіркеліп, оның 20 фактісі ашылды. Бұл туралы Алматы ПД хабарлады.
Көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін үш адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Ашылған қылмыстарды талдау қылмыстардың материалдық-пайдакүнемдік сипатқа ие екендігін көрсетеді, құқық бұзушы жәбірленушінің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін алып кетіп, автокөлік иесіне алдын ала дайындалған есепшотына ақша салуды талап етіп, оның орнына ұрланған нөмірді жасырған жерін көрсететінін жазып хат қалдырады. Бұл құқық бұзушылық ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша көзделген қылмыс. Өйткені қол сұғушылықтың мәні – автокөлік иелерінің құқық бұзушылардың есепшоттарына салатын ақшасы болып табылады, ал мемлекеттік белгілердің өзі қылмыстық қол сұғушылықтың объектісі ретінде қарастырылмайды, өйткені олар мемлекетке тиесілі және азаматтарға, автокөлік иелеріне уақытша пайдалануға беріледі, – деді Алматы қаласының ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.
777, GGG және тағы басқа ресми түрде бірдей әріптік белгілермен немесе сандар тізбегімен орналастырылған, ақылы негізде сатып алынып, тіркелген мемлекеттік тіркеу белгілерін ұрлау басқаша сараланады.
Мұндай қылмыстар ҚР ҚК-нің 188- бабы 1-бөлігі, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау ретінде танылады, мұндай ұрлықтың жыл басынан бері бір фактісі тіркелген. Күдікті анықталды, – деді Еркін Іңкәров.