Алматы, BAQ.KZ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданғаннан кейінгі көп сұратылған мемлекеттік қызметтердің рейтингін жасады.
Азаматтар мамыр айында ХҚКО-лар ашылғаннан кейін көбіне жеке куәлік пен паспорт алу үшін жүгінген. Алдын ала есептеулер бойынша 155 мыңнан астам азамат жеке басын куәландыратын құжатын жаңартқан. Оның ішінде 9298 адам Алматы ХҚО-нан алған.Екінші орында автокөлікті қайта тіркеу қызметі. Мамырда автомобиль иелері Қазақстанның мамандандырылған ХҚО-ларында 118 мыңнан астам көлікті қайта тіркеген, оның 13 363-і Алматы қаласының үлесінде. ХҚО-лардың ашылуын жылжымайтын мүлік иелері де күтті. Азаматтар жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу қызметі үшін ХҚО-ға 56 мыңнан астам рет жүгінген, оның 2402-і Алматы қаласында. Төртінші орында жүргізуші куәліктерін ауыстыру және беру қызметі. Мамыр айында 30 мыңға жуық құжат рәсімделген, оның 3310-і Алматының үлесінде, – делінген хабарламада.
Карантиннен кейінгі сұранысқа ие бесінші қызмет – әлеуметтік қауіп-қатер жағдайында әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қызметі. Бұл негізінен жүктілік және босануға байланысты берілетін төлем. Оны 20 мыңнан астам жүкті әйел алған, оның ішінде Алматы қаласында 1391 ана төлемін рәсімдеп алды.
Азаматтарға арналған үкіметтің алдын ала мәліметтері бойынша мамыр айында ХҚО арқылы 645 мыңнан астам мемлекеттік қызмет алынған. Бұл жерде ХҚО-лардың әр уақытта ашылғанын ескеру керек. Мәселен, Қарағанды облысының халыққа қызмет көрсету орталықтары 4 мамырда, ал Алматыдағы ХҚО-лар өз жұмысын 25 мамырда бастады. Содан бері Алматы қаласында 23 686 қызмет көрсетілді.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін ХҚО ғимараттарында азаматтардың жиналуын және қызмет алушылардың вирусты жұқтыру жайдайларын болдырмау үшін ХҚО-лар egov.kz порталында қолжетімсіз және тек алдын ала брондау арқылы «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтерді (106 мемлекеттік қызмет) ғана ұсынады. ХҚО-ға кезекті еgov.kz порталы, eGovKzBot2.0 телеграм-боты немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы брондауға болады.