Ерекше қорғалатын табиғи аумақта өрт қауіпсіздігін бұзып, кәуап пісірген туристерге 1,4 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласының ТЖД қызметкерлері мәлімдеді. Мамыр айының басынан бастап Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде от жаққаны үшін төрт заң бұзушыға айыппұл салынған.
28 мамыр күні Іле-Алатау МҰТП қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізілді. Бостандық ауданы ТЖБ қызметкерлері патрульдеу кезінде ұлттық табиғи парктің аумағында от жағу фактісін анықтады. 30 жастағы ер адам рұқсат етілмеген жерде достарымен кәуап дайындау үшін от жаққан. Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде от жаққаны үшін төрт заң бұзушыға 1,4 миллион теңге айыппұл салынды , – дейді қалалық ТЖД.
Айта кетейік, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелердің талаптарын бұзу (ҚР ӘҚБтК 367 - бабы) жеке тұлғаларға - 100 АЕК (369 200 теңге), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 250 АЕК (923 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі.