Алматыда кәсіпкерлікке қолдау және инвестиция тарту жұмысы қалай жүзеге асып жатыр

29 Қараша 2023, 09:35
464
Бөлісу:
Алматыда кәсіпкерлікке қолдау және инвестиция тарту жұмысы қалай жүзеге асып жатыр
Фото: Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы

Алматыда кәсіппен айналысатындар саны жыл санап артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сәйкесінше, қаланың ұлттық экономикаға қосып жатқан үлесі де ұлғайып келеді. Осыған орай Ұлттық баспасөз клубында Алматыда кәсіпкерлікті қолдау мен инвестиция тарту қарқыны сөз болды.

БАҚ өкілдерімен кездесуге Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының бас директоры Олжас Сартаев, Алматы индустриялық аймағының бас директоры Әлішер Сатыбалдиев және Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамыту компаниясының төрағаның орынбасары Сұлтан Достанов келді.

Қалалық басқарма басшысының сөзінше, Алматыда шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 899 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Мегаполисте 389 мыңнан астам ШОБ нысаны ретінде тіркелген.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны - 343 473. Ол республика бойынша жұмыс істеп жатқан ШОБ нысандарының 16,8%-н құрайды. Осылайша қаламыз ел бойынша алғашқы орында, - дейді Берік Солтанбаев.

Алматы инвестиция салуға тартымды Қазақстанның бірден-бір аймағы екені сөзсіз, өйткені қалада кәсіпкерлікке қажетті еңбек және инфрақұрылым ресурстары жеткілікті.

Мегаполисте бизнесті мемлекеттік қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен мемлекет несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепілдік беру, инновациялық бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз 5 млн теңгеге дейін грант беру, инвестициялық жобалар үшін жетіспей тұрған инфрақұрылымды тартып беру, факторингтік операцияларды қаржыландыру, жеңілдікпен несиелеу, индустриялы және арнайы экономикалық аймақтардан жер телімін бөліп беру және олардың резиденттерін салықтан, кедендік алымдардан босату, қол жетімді өндірістік кеңістікті қамтамасыз ету, демалыс күнгі жәрмеңкелерде сауда алаңдарын жеңілдікпен жалға беру, бизнес-идея бойынша басынан бастап қаржыландыруға дейін консалтингтік қызмет көрсету сияқты қолдау түрі бар.

Ал кәсіпкерлікке инвестиция тарту бойынша қалада «Алматы қаласында бизнесті дамыту компаниясы» ЖШС - Almaty Business Development Company жұмыс істеп жатыр.

Алматыда кәсіпкерлікке қолдау және инвестиция тарту жұмысы қалай жүзеге асып жатыр

Компанияның басқарма төрағасы Сұлтан Достановтың айтуынша, жыл басынан бері компания 44,7 мың қызмет көрсеткен, онда қаржыландыру бойынша кәсіпкерлерден көп өтінім (19,5 мың) түскен, ал рұқсат құжатын алу бойынша 11,2 мың өтінім өңделген.

«Almaty Business Development Company» инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда келесі құралдарды қолданады:

● ONE-STOP SHOP құрылымдық бөлімшесі – инвестициялық жобаларды тартады және қолдау көрсетеді;

● еншілес ұйымдар – «АИА» ЖШС және «Алатау ИТП» – инфрақұрылымдық қолдау көрсетеді.

● Almaty Finance және Алматы МҚҰ – қаржылық қолдау көрсетеді.

Қазір Қазақстанда 14 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Солардың бірі – Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы.

Осы тұста брифингте сөз алған «ИТП» бас директоры Олжас Сартаев инвестиция тартудың негізгі құралы болып табылатын арнайы экономикалық аймақтың рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, «ИТП» арнайы экономикалық аумағында негізінен ақпараттық технологиялар, телекоммуникация және байланыс, электроника, қалпына келтірілетін энергия көздері, ресурстарды үнемдеу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, сондай-ақ 2020 жылдан бастап фармацевтика және медицина саласына басымдық беріліп отыр.

Бүгінгі таңда «ИТП» арнайы экономикалық аумағының резиденттері қатарында 160 компания бар, оның ішінде 105 компания (Kolesa Group, Azimut Labs, PayBox, Personal Cash және т.б.) бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу саласында «аумақтан тыс» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Ал тағы 55 компания (Kaspi Cloud, Eltex Алатау, Nero Lab, Asaq, Prima Group, Almaty Enterprising Company және т.б.) «ИТП» аумағында орналасқан.

АЭА құрылғаннан бері онда 6727 жұмыс орны құрылған, 71,2 млрд теңге инвестиция тартылған.

Ал Алматының Индустриялық аймағында қазан айында Инновациялық техникалық колледж құрылысы басталды. Оқу орны Индустриялық аймақтың инвесторлары мен қатысушыларының зауыттар мен өндірістік кешеніне қажетті мамандарды дайындайтын болады. Бұл туралы өз сөзінде «Алматы индустриялық аймағы» ЖШС бас директоры Әлішер Сатыбалдиев мәлім етті.

Айта кетейік, Алматы индустриялық аймағында 88 компания құны 460 млрд теңге болатын инвестициялық жобалар бойынша жұмыс істеуде, онда 11 мың адам жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін АИА-да тағы 400-ге жуық жұмыс орны құрылып, жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

«Алматы индустриялық аймағы» өз қатысушыларына кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау аясында көптеген мүмкіндік беріп отыр. Оның қатарында инфестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімін аукционсыз беру, 2068 жылға дейін ұзақ мерзімге жерді жалға беру немесе оны кадастрлық құны бойынша сатып алуды жүзеге асырады.

Өзгелердің жаңалығы