Алматыда гүлдерді таптап, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 75 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде гүлзарды таптап, суретке түсіп жүрген тұрғындардың бейнеролигі тарап, көпшіліктің ашуын туғызған еді.
Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, Есентай өзенінің бойында көрсетілген аумақта күзде отырғызылған қызғалдақтар өседі. Ауа райы қолайлы болған кезде көктемгі гүлдер сәуірдің ортасынан мамырға дейін гүлдейді.
Әлеуметтік желілерде тіркелген фактілерге байланысты Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын сәндік-гүлді көгалдандыруға және қоғамдық орындарға қамқорлық жасауға шақырады. Еске салайық, көктемгі гүлдер сәуірдің ортасынан мамырға дейін гүлдейді, – дейді Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасындағылар.
Басқарма, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды: жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 АЕК (73 840 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (110 760 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 40 АЕК (147 680 теңге), ірі кәсіпорындар үшін 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салынады.