Алматы қаласында "Газель" маркалы жүк көлігі толықтай өртеніп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Бостандық ауданында, Назарбаев пен Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында болған. Әлеуметтік желілерде көлік отқа оранып жатқан сәттің видеолары тарады.
Өрт туралы хабарлама 15:39-да түсті
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше өрт туралы "101" нөміріне хабарлама сағат 15:39-да түскен. Ал 15:41-де бейнебақылау камералары көліктің толықтай жалынға оранғанын тіркеген
Бұл – өрт туралы кеш хабарланғанын немесе жүргізушінің өздігінен сөндіруге әрекет жасап, сәтсіз болғанын білдіреді, – деп жазылған ведомство мәлімдемесінде
Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде 2021 жылы шығарылған «Газель» көлігі ашық жалынмен жанып жатқан. Жалын 7 шаршы метр аумақты қамтыған
Өрт сөндірушілер дереу көбік арқылы сөндіру жұмысына кірісіп, өрт 15:57-де толық сөндірілді.
Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, адам шығыны тіркелген жоқ.