Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Аталған конференция тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды атаулы күн қарсаңында еліміздің Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің ең жоғарғы лауазымындағы қызметте болуының 30 жылдығына арналып отыр.
1989 жылдың 22 маусымында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, Қазақстанды 30 жыл тұрақты басқарды.Іс-шараның мақсаты – қоғамның тұрақты дамуындағы, еліміздің экономикалық және әлеуметтік-саяси жаңғыруындағы Елбасының қызметі мен бастамаларының және оның барша әлемде жаһандық қауіпсіздік пен сенім ахуалын жақсартудағы күш-жігерінің рөлі мен маңыздылығын зерделеуді, Елбасының саяси көшбасшылық феноменін, тұлғаның тарихтағы рөлін одан әрі зерттеуді көздейді.
Көптеген отандық, шетелдік сарапшылар мен талдаушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың посткеңестік кеңістікте тәжірибесі, стратегиялық көзқарасы мен саяси түйсігі жағынан ешкім тең келмейтін саясаткер екендігін мойындайды. Оның үстіне шығармашылық ойлау дарыны, өзінің озық идеяларын тудыруға және оны өміршең ету бірегей қабілеті бар мықты лидер деп біледі.
Жиын барысында саяси көшбасшылық феноменіне байланысты саяси, тарихи, экономикалық, құқықтық және басқа да аспектілер бірнеше бағыттар бойынша қаралады. Атап айтар болсақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан қалыптасуына қосқан үлесі, Елбасының тарихи миссиясы, Елбасының жаһандық және аймақтық бастамалары, Саяси көшбасшылық феномені: тарих, ерекшеліктері, өзгешелігі бағыттарымен қаралмақ.
Шетелдік және отандық белгілі мемлекет және қағам қайраткерлері, зерттеушілер мен сарапшылар қатысып жатқан бұл шараны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып отыр.