Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда 13 шілде күні өткен экстремалдық жарысқа қатысушыларының бірі Дәулет Бейсембаев доданың бірінші шақырымында-ақ өзін жайсыз сезінген. Бұл туралы Nomad Race-тің Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланды.
Instagram-да жарияланған жазбада спортшының жағдайы нашарлаған соң, оған дәрігерлердің 2 бригадасы көмектесуге тырысқаны туралы жазылды. 2 сағат бойы реанимациялық шаралар жүргізілді. Дегенмен, Дәулет Бейсембаев қаза болды.
Қазіргі кезде марқұмның өліміне не себеп болғаны анықталуда. Жарыс ұйымдастырушылары оны кейін жария ететінін айтты.
Nomad Race командасы спортшының отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтатынын жеткізді.
Adrenaline Nomad Race жарысының қатысушылары жолында кездескен шұңқырлар, тастар мен құбырлардан сәтті өтіп, тік қабырғаға шығып түсіп, батпақты шұңқырлар мен түрлі тосқауылдарды еңсерулері тиіс.
3 пен 10 шақырым аралығындағы қашықтықта 15-тен 45-ке дейін бөгет қарастырылған.