Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы ақпарат бойынша елімізде азаматтардың 67 пайызы дауыс беруге келген. Алайда Алматының көрсеткіші ең төмен. Бұл үлкен шаһарлар үшін қалыпты жағдай. Бұл туралы Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, экономист, қоғам белсендісі Бекнұр Кисиков брифинг барысында айтты.
Қоғам белсендісінің айтуынша, Алматы қаласы бұған дейінгі сайлауларда да жоғары көрсеткішке жетпеген.
Бұл ірі қалаларға тән феномен. Мысалы, Нью-Йорк, Ыстамбұлдың нәтижелері сайлауда төмен. Алматы да сондай феноменге кіріп тұр деп ойлаймын. Дегенмен референдум көпшіліктің қызығушылығын оятты. Мәселен, қалада жұмыс істеп жүрген өзге аймақтың адамдары да дауыс беру мүмкіндігі пайдалана алмады. Көбі тіркеу талонын алдын ала алмаппыз деп өкініп отыр. Мұның барлығы референдумға деген қызғушылықтың болғанын дәлелдейді. Аздаған кемшіліктер болған шығар, бірақ референдум жақсы деңгейде өтті. Мереке күн сияқты ерекше жағдайда өтті,-деді Б. Кисиков.
Сонымен қатар ол дауыс беру барысын келешекте сандық технологияға көшіру қажеттігін айтты.
Сандық технологияның қазір де әсері бар. Онымен дауыс беру ыңғайлы, көптеген әлеуметтік желінің барлығы біздің өмірімізге әсер етуде. Сондықтан дауыс берудің осы тәсілін де ескеру қажет,-дейді ол.