Ауруханаға іші өтіп, мазасызданған 12 жастағы қыз бала жеткізілген. Тексеріс барысында оның асқазанынан трихобезоар (асқазанда жиналған шаш түйіні) анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Науқасқа бұған дейін дәл осы диагнозбен 2021 жылы Шымкентте, 2024 жылы Семейде ота жасалған.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қайталанған операциялардың салдарынан баланың іш қуысында жабысқақ процестер (спайка) дамып, асқазан қабырғасы өзгеріске ұшыраған. Бұл хирургтардан аса сақтық пен кәсібилікті талап етті.
Белгілі болғандай, қыз баланың өз шашын жеуге әуестігі анықталған. Сондықтан онымен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр.
Бұл жағдайлар, болатын операцияны айтарлықтай күрделендіріп, операция кезінде елеулі техникалық қиындықтар туғызды. Операция сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелген жоқ. Қазір науқастың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауында, - деп хабарлады хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.
Емханадан шыққаннан кейін, аурудың қайталанбауы үшін балаға психиатрдың бақылауында болу ұсынылды.
Еске салайық, бұған дейін Түркістанда жасөспірімнің ішінен 1 келіге жуық шаш шықты.
Сондай-ақ, Алматыда дәрігерлер бойжеткеннің асқазанынан шаштан түзілген түйінді алып шыққан болатын.