Алматыда дәрігерлер 990 грамм болып туған баланы аман алып қалды

24 Қараша 2026, 18:15
АВТОР
 Алматы әкімдігінен 24 Қараша 2026, 18:15
24 Қараша 2026, 18:15
120
Фото: Алматы әкімдігінен

Алматыда дәрігерлер салмағы небәрі 990 грамм болып туған қыз баланың өмірін сақтап қалды. Нәресте 75 күн реанимацияда жатып, 56 тәулік бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. 101 күнге созылған емнен кейін анасы мен қызы үйіне шығуға дайындалып жатыр. Бұл туралы №2 қалалық перинаталдық орталық хабарлады.

Жүкті әйел перинаталдық орталыққа ауыр преэклампсия диагнозымен шұғыл жеткізілген. Бұл ана мен баланың өміріне қауіп төндіретін жүктіліктің ауыр асқынуы. Дәрігерлер екі өмірді де сақтап қалу үшін шұғыл түрде кесарь тілігі операциясын жасаған.

Нәресте жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келген. Қыз бала құрсақішілік өсуінің айқын тежелуімен туып, салмағы небәрі 990 грамм, бойы 31 сантиметр болған.

Өмірінің алғашқы минуттарынан бастап сәбиге қарқынды медициналық көмек қажет болды. Ол 75 күн бойы жаңа туған нәрестелер реанимациясында жатқан. Оның 56 тәулігінде өкпені жасанды желдету аппаратына қосылса, 15 күн бойы СИПАП терапиясын қабылдаған.

Сонымен қатар сәбидің кеуде қуысында сұйықтық жиналып, қосымша ем қажет болған. Бұл мәселемен дәрігерлер неонаталдық хирургпен бірлесіп жұмыс істеген. Бұдан бөлек, нәрестеге бронх-өкпе дисплазиясына байланысты ем жүргізілген.

Медициналық мамандар тәулік бойы сәбидің жағдайын бақылап, өмірін сақтап қалу үшін күрескен. Дәрігерлер мен медбикелердің үйлесімді жұмысының арқасында қыз баланың денсаулығы біртіндеп жақсарған.

Өмірінің 101-күні нәрестенің салмағы 2523 грамға жетті. Енді анасы мен қызы көптен күткен үйіне шығуға дайындалып жатыр.

Сәбидің анасы көзіне жас алып, орталық басшылығына, дәрігерлерге, медбикелерге және барлық медицина қызметкеріне алғысын білдірген.

101 күнге созылған күрделі ем, медицина мамандарының мыңдаған сағаттық еңбегі және ең бастысы – ана мен баланың аман-есен бірге үйіне оралуы.

Наверх