Алматыда былтыр жалпы сомасы 848,1 млн теңгені құрайтын 70 мыңнан астам КТ жасалған

18 Ақпан 2022, 11:41
1420
Бөлісу:
Алматыда былтыр жалпы сомасы 848,1 млн теңгені құрайтын 70 мыңнан астам КТ жасалған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев ӨКҚ-ы алаңында өткен брифингте айтты.

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап толыққанды іске қосылған. Содан бері 2 жыл өтті.

Әбілдаевтың айтуынша, жаңа жүйенің жұмысына қатысты айтылып жүрген сын пікірлер баршылық. Дегенмен осы аз ғана уақыт ішінде сақтандыру жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдей білген.

Сақтандырылған азаматтар бұрын көптеген тұрғындар үшін ақылы негізде ғана көрсетілген медициналық қызмет түрлерін кедергісіз пайдаланып келеді. Қазіргі таңда жоспарлы түрде көрсетілетін медициналық көмек ақысы толығымен дерлік МӘМС арқылы төленіп жатыр. Оған өткен жылы халыққа көрсетілген қызмет көлемі дәлел бола алады. 2021 жылы МСҚ Алматы тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге 93,0 млрд теңге төледі. Шығынның басым бөлігі – 48,6 млрд теңгеден астамы стационарлық медициналық көмекке, 3,9 млрд теңге күндізгі стационар қызметіне төленді,-деді филиал директоры.

Сонымен қатар ол бағасы қымбат анализдер, диагностика мен операция түрлерін халықтың сақтандыру есебінен қажетінше пайдаланып жатқанын жеткізді.

Мысалы, консультативтік-диагностикалық қызметтерге 14,5 млрд теңге төленген. Консультативтік-диагностикалық қызметтер ішінде әсіресе, КТ/МРТ-ға деген сұраныс жоғары. Бір жылда Алматы қаласында жалпы сомасы 848,1 млн теңгені құрайтын 70 мыңнан астам КТ жасалған. Тағы 50 мыңнан астам МРТ қызметіне Қор 681,8 млн теңге бөлді. Сонымен қатар, онкологиялық науқастарды нысаналы түрде тексеруге арналған 6 мыңнан астам ПЭТ-диагностикаға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы төленді,-деді ол.  

Сақтандыру қаражатына қарқынды түрде көрсетіліп жатқан қызметтің бірі – медициналық реабилитация немесе оңалту қызметі екен. Бұған өткен жылы 6,2 млрд теңге бөлінген. Оның 222,4 млн теңгесі постковидтік реабилитацияға жұмсалған.
 

Өзгелердің жаңалығы