Алматыда бұзақылар 30-дан астам көшетті сындырған

14 Тамыз 2024, 11:20
532
Бөлісу:
Алматыда бұзақылар 30-дан астам көшетті сындырған
Фото: Видеодан скрин

Сайран көлінің жанындағы аллеяда жаңадан егілген көшеттерді  біреулер сындырып кеткен. Шығын көлемі 1 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде қала тұрғыны бұзақылардың жазалануын талап етті.

Төле би даңғылындағы Сайран көліне бара жатырмыз. Дәл осы жерде жаңадан отырғызылған көшеттер болған еді. Енді ғана бүршік жара бастап, аллеяның көркі кіріп келе жатқан. Осы ағаштарды сындырып, табиғатқа зиян келтірген адамдар 10 есе көп ағаш егуі қажет. Бұзақылар табылып, лайықты жазасын алсын-, ­ деді қала тұрғыны.

Алматы қаласының әкімдігінің хабарлауынша, тексеріс барысында 30-дан астам көшеттің сындырылғаны анықталды.

Аталған іс бойынша 12 тамыз күні Әуезов ауданы әкімдігінің және полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру барысында 36 көшеттің ортасынан сынғандығы анықталды. Бұл көшеттерді аудан әкімдігімен келісім бойынша «Стамп сервис» ЖШС отырғызған. Полиция қызметкерлері оқиға куәгерлерінен сұхбат алып, бейнебақылау камерасындағы бейнелерді тексеріп жатыр, - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдік ағаштарға зиян келтірген адамдарға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатынын атап өтті.

Тәртіп бұзушы анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 386-бабына сәйкес, «Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу» ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 60, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, - деді Алматы қаласының әкімдігі.

Өзгелердің жаңалығы