Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан, Ұлыбритания, Мозамбик және Пәкістан күштік ведомстволарының 15 өкілі біліктілікті арттыру туралы сертификат алды, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Курсты аяқтағаны жөніндегі құжаттарды салтанатты тапсыру БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күніне орайластырылып отыр.
Соңғы екі апта ішінде қазақстандық және шетелдік нұсқаушылар тыңдаушыларды Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымымен, ережелерімен және бітімгерлік қызметті реттейтін рәсімдермен, құқықтық өлшемдермен таныстырды.
Тыңдаушыларға БҰҰ миссияларындағы халықаралық штабтардың бөлімдері мен қызметтерінің негізгі функциялары жайлы ақпарат берілді. Тиісті жоспар негізінде жоспарлау және шешім қабылдау процестерін пысықтау бойынша штабтық жаттығулар ұйымдастырылды. Курс барысында бітімгерлік қызметтің гендерлік аспектілерін зерделеуге, адамның мінез-құлқы мен қауіпсіздігі кодексіне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасы әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі бола отырып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, оның ішінде БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне іс жүзінде үлес қосуда, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік дайындық орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин.
Сонымен бірге ол оқытушылар мен тыңдаушыларға бірлескен нәтижелі жұмысы үшін алғыс айтып, сәттілік тіледі. Осында жинақтаған білім Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өткізілетін бітімгерлік миссияларды орындау кезінде кәдеге асатынына сенімді екенін жеткізді.