Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда қатты дауыл тұрып, арты жаңбыр мен қарға ұласты. Дауыл салдарынан үйлердің шатыры ұшып, ағаштар құлады.
Қазгидромет мекемесінің алдын ала жіберілген Дауылды ескертуінің негізінде Алматы қаласы ТЖД мен қала қызметтерінің күштері және құралдары жоғары дайындық режиміне келтірілген.
Алматы қаласы ТЖД-нің ресми өкілі Гүлдана Нұрымбетова қатты дауылдан кейін «112» желісіне 34 хабарлама келіп түскенін мәлімдеді.
29 наурызда сағат 16-дан бастап метеорологиялық құбылыстар, атап айтқанда қатты жел мен қарқынды жаңбыр салдарынан "112" желісіне қоңыраулар келіп түсе бастады. Дені ағаштардың құлауына қатысты. Оның ішінде ғимараттардың шатырларының бұзылуы бойынша 34 хабарлама және жеке тұрғын үйлердің аулаларын су басуының екі жағдайы бойынша келіп түсті. Осы уақытқа дейін ағаштардың автокөліктерге құлауы бойынша – 21 жағдай, жеке тұрғын үйлердің, көп қабатты, әкімшілік ғимараттардың шатырын бұзылуы – 8 жағдай, көп қабатты үйлерді сыртқы қаптауының жұлынуы 2 жағдай және автотұрақ қоршауының бұзылуы, троллейбус желісі үзілуінің бір жағдайы тіркелді,-деді ол.
Жедел жәрдем қызметінің мәліметтері бойынша 2 ересек ер адам жеңіл жарақатын алған. Қазіргі уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Жауын шашын түнгі сағат 3-ке дейін жалғасатыны айтылды. Осыған байланысты ТЖД қызметкерлері қала тұрғындарына көліктерді ағаштардың астында қалдырмауды сұрайды.