Алматыда биыл тұрғын үй секторында 549 өрт тіркелді

22 Қазан 2021, 15:58
7628
Бөлісу:
Алматыда биыл тұрғын үй секторында 549 өрт тіркелді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2021-2022 жылдардағы жылу беру кезеңіне дайындық барысында Алматының 148 346 жеке тұрғын үйі есепке алынды, оның ішінде 3 148 үй қатты отынмен жылынатын және 30 395 қамыстан жасалған үйлер. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Самат Асаинов айтты.

Оның айтуынша, қысқы кезеңде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі күні ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

Жыл сайын жылыту маусымы басталғанға дейін біз жеке сектор тұрғындары арасында кең ауқымды жұмыс жүргіземіз. Ақаулы электр жылыту аспаптары мен пешпен жылытуды пайдалануға байланысты салдарлар туралы ескертеміз. Біз жеке үйлерді аралап шығамыз. Халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударамыз. Биыл 1 326 әлеуметтік-осал отбасы және 1 876 адам асоциалды өмір салтын жүргізетін азаматтарға қатысты, - деді С. Асаинов.

Жылыту маусымында әр отбасымен қауіпсіздік туралы профилактикалық әңгімелер жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 354 үй қанағаттанарлықсыз жағдайда. Олар туралы мәліметтер атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін аудандық әкімдіктер мен Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына беріліпті.

Сонымен қатар, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары қалада «Көмек қол» акциясы өткенін, оның аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы өрт-профилактикалық көмек көрсетілгенін, пештердің түтін мұржаларын тазалау, жарықтарды бітеу, түтін өтетін жерлердегі қабырғаларды ақтау, сондай-ақ 28 улы газ датчигі орнатылған. Барлығы 1 288 жеке тұрғын үй қатты отынмен жылынады екен.

С. Асаинов ТЖД қызметкерлері әрбір үйді мұқият тексеріп, түсіндіру әңгімелерін жүргізетінін айтты. Әкімдік өкілдерімен бірлесіп, жеке секторды аралау тұрақты түрде жүргізіледі. Оған қоса «ҚазТрансГаз-Аймақ» өндірістік филиалы мен еріктілер де тексеріс жүргізген. Жалпы биыл 147 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, өрт қауіпсіздігі шаралары, сондай-ақ тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы жадынамалар табыс етілген.

Аулаларды аралау барысында 1000-нан астам өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу анықталды, иелеріне анықталған олқылықты жою бойынша ұсынымдар берілді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін біз үй иесіне пеш жабдықтарына байыпты қарауды сұраймыз, маман пештің жағдайын тексеруі керек. Тек ол ғана оның жағдайын дұрыс бағалай алады, - деді С. Асаинов.

Айта кетсек, биыл Алматыда жылу беру маусымында тұрғын үй секторында 549 өрт тіркелді, бұл барлық өрттің 60%-ы. Материалдық шығын 16 млн теңге. 5 адам қаза тапты, 14 адам жарақат алды, екі адам уланып, қаза тапты және 15 азамат көміртегі газымен уланды.

Барлық өрттердің себептері өрт қауіпсіздігі тәртібін елемеу және азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігі, сондай-ақ тұрғын үй қорының жоғары деңгейде тозуы болды. Пайдалану мерзімі 50 жылдан асатын үйлердегі пештердің шамамен 25%, - деді С. Асаинов.

ТЖД басшысының орынбасары Алматыда пешпен жылытылатын үйлер саны азайып келе жатқанын, сонымен қатар табиғи газбен улану арқылы өлім қаупі артып келе жатқанын айтты. Биыл 31 адам табиғи газбен уланды, оның 16-сы бала.



Өзгелердің жаңалығы