Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда Бейжіңге ұшып бара жатқан ұшақ шұғыл қонды

Бүгiн, 12:10
228
Бөлісу:
 depositphotos.com
Фото: depositphotos.com

Lufthansa әуе компаниясының рейсі жолаушының қайтыс болуына байланысты Алматыға шұғыл қону жасады. Бұл туралы Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі (ААӘ) мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайғылы жағдай бүгін, 26 желтоқсанда болған. Lufthansa компаниясының LH 0722 рейсінде (Мюнхен – Бейжің бағыты) ұшып бара жатқан жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ол есінен танып қалған.

ААӘ баспасөз қызметінің мәліметінше, экипаж әуе кемесін Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қондыру туралы шешім қабылдаған. Ұшаққа жедел түрде әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы жіберілген.

Дәрігерлер келген кезде жолаушының ұшу барысында көз жұмғаны анықталған.

Әуе кемесі Алматыда жанармай құйып, сағат 07:56-да соңғы бағыттағы әуежайға ұшып кетті, – делінген хабарламада.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғағанын айтты.

Алдын ала мәлімет бойынша, өлімнің себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі. Қайтыс болған жолаушы шетел мемлекетінің азаматы. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Өзгелердің жаңалығы