Алматыда белгілі тілтанушы ғалымның мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті

Бөлісу:
Алматыда белгілі тілтанушы ғалымның мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті
PHOTO
Фото: автордан

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ұйымдастыруымен ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының 60 жасқа толған мерейтойына арналған «Қазақ терминологиясындағы дәстүр және жаңашылдық сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ғылыми жиынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері ф.ғ.д., профессор Құралай Күдеринова жүргізді.

Конференцияны ҚазҰПУ Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Нарбекова Бану Мұқатайқызы ашты.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев сөз сөйлеп, ғалымның ғылымдағы жетістіктеріне тоқталды.

Тілтанушы ғалымның 60 жылдық мерейтойына орай ҚР Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед, Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Еуразия ұлттық универсиеті басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов, Қорқыт ата университеті ректоры Бейбіткүл Кәрімова, Алматы облысы Райымбек ауданы әкімі Берік Дүйсенбаев құттықтауларын жолдап, жылы лебіздерін білдірді.

Академик ғалымның алпыс жылдық мерейтойына арналған іс-шараның негізгі бөлігінде Байынқол Қалиев, Мырзаберген Малбақов, Кәрімбек Құрманәлиев, Жантас Жақыпов, Жамал Манкеева, Гүлдархан Смағұлова, Сарқыт Әлісжан, Мұрат Сабыр, Қаламқас Қалыбаева, Құралай Күдеринова, Алуа Таңжарық, Алтынай Тымболова, Сәбира Исақова, Ербол Әбдірәсілов бастаған филология ғылымының докторлары, профессор ғалымдар сөз сөйлеп, баяндама жасады. Сондай-ақ Әбдібек Әміров, Сәрсенбай Құлманов, Бижомарт Қапалбек, Шоқан Шортанбай, Ақмарал Бисенғали, Нұрсәуле Ырысалиева, Мәрлен Әділов секілді ф.ғ.к., доценттер мен PhD докторлар сөз сөйледі.

Алматыда белгілі тілтанушы ғалымның мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті

Ғалымдар тарапынан «Қазақ лексикасының терминдену мәселелері», «Қазақ терминографиясының қазіргі жай-күйі», «Ортақ түркілік терминқор қалыптастыру», «Архаизмдердің терминдену процесі», «Терминдік жаңа қолданыстар», «Ақпараттық кеңістіктегі жаңа қолданыстардың терминжасам үдерісіне ықпалы», «Қазіргі заманғы ағылшын терминдерінің қазақ тіліне ену үдерісі», т.б. өзекті тақырыптар көтерілді.

Іс-шараға Қазақ ұлттық университеті, Мемлекеттік қыздар университеті, Қорқыт ата университеті және Тіл білімі институтының ғалымдары, ҚазҰПУ Филология институтының оқытушылары мен тәлімгерлері қатысты.

Конференция аясында академик Шерубай Құрманбайұлының Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігі; Alaş ve Terminoloji және Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар (М.Әділовпен бірге) атты кітаптарының тұсаукесері өткізілді.

Алматыда белгілі тілтанушы ғалымның мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті

«Жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігінде» 1990 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта негізінен мерзімді баспасөз бен электронды ақпарат құралдарында қолданылған жаңа атаулар мен қолданыстар және оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерге, терминдер сөздігіне енген 4000-нан астам жаңа термин қамтылды.

Түрік тіліндегі «Alaş ve Terminoloji» кітабын 2023 жылы Анкарада Ататүрік негізін қалаған Түрік тілі құрымы шығарды. Бұл еңбек – 2008 жылы Алматыда жарық көрген «Алаш және терминтану» атты ғылыми зерттеудің толықтырылып, қайта басылған түрік тіліндегі аудармасы.

«Абай тілі: көне сөздер мен сирек қолданыстар» атты монографияда Абай шығармаларындағы ақын дәуірі үшін қалыпты қолданыс саналғанымен, қазіргі әдеби тіл тұрғысынан қарағанда көне сөздер мен сирек қолданыстар ретінде танылатын сөздер мен сөз тіркестерінің, қосымшалардың байырғы лексика-грамматикалық мағынасы тілдің тарихи даму барысында болатын өзгерістермен тығыз байланыста қарастырылды. Олар – ескіліктер мен қазіргі тілде белсенді қолданылмайтын ақын шығармаларындағы архаизмдер, мағыналық жағынан өзгерген сөздер, сирек жұмсалатын төл сөздер мен кірме элементтер және көне грамматикалық формалар. Ақын тіліндегі 300-ден астам көне сөз бен сирек қолданыстардың түпкі мағынасы мен этимологиясы тарихи-салыстырмалы әдіс арқылы талданған. Диахрондық зерттеу барысында көне әрі орта ғасыр жазба ескерткіштері мен қазіргі түрік тілдері сөздіктері пайдаланылды. Абайдағы лексикалық ерекшеліктер Шәкәрім тілімен де салыстырылып көрсетілді, - деп түсіндірді Шерубай Құрманбайұлы.

Сондай-ақ іс-шара барысында академик Шерубай Құрманбайұлының өмірі мен ғылыми-педагогтік, мемлекеттік және қоғамдық қызметі туралы әріптес ғалымдардың, достары мен ізбасар шәкірттерінің жазған «Тілтанушы» атты жинақ оқырмандарға таныстырылды.

Алматыда белгілі тілтанушы ғалымның мерейтойына арналған ғылыми конференция өтті

Шерубай Құрманбайұлы – тілтанушы ғалым, ол 500-ден астам еңбектің, соның ішінде 50-ге тарта кітаптың, 12 ғылыми монографияның, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының, терминологиялық және екітілді сөздіктердің авторы.

Ш.Құрманбайұлы 1994 жылы «Өсімдік мүшелері мен олардың құрылым-құрылысына қатысты терминдер» деген тақырыпта кандидаттық, 1999 жылы «Қазақ лексикасының терминденуі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 2001 жылы профессор атағы берілді. 2013 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 2020 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.

Еңбек жолын Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкерінен бастап, сол мекеменің ғалым хатшысы, кейін директоры болды. Тіл комитеті төрағасының орынбасары; комитет төрағасы болып, мемлекеттік тілдің дамуына еңбегі сіңді. Осы күнге дейін универсиетте сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Ғалым терминологиямен қатар сөз мәдениеті, тіл саясаты, неологизмдер мен архаизмдер, алаштану бағытында сүбелі зерттеулер жүргізіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы