Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматыда дәстүрлі "Бастау" халықаралық кинофестивалі басталады. Желтоқсанның 3-і мен 7-і аралығында өтетін VIII Халықаралық "Бастау" фестивалі "Жаңа буын киносы" девизімен өтпек.
Шара студенттік және дебюттік фильмдер аясында жүзеге асырылады.Бір ғана студенттік қысқаметрлі фильмдер санатына 21 елден келген 43 қысқаметражды көркем, деректі және анимациялық фильмдер кірген. Олардың қатарында Германия, АҚШ, Латвия, Армения, Әзірбайжан, Үндістан, Литва, Сингапур, Түркия, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан сынды басқа да елдердің фильмдері бар. Биыл фестивальге 44 елден 360 өтінім келіп түскен. Олардың арасында ең көп өтінім Ресейден келген (60 фильм). Нәтижесінде Bastau Shorts бағдарламасында 11 ресейлік фильм ұсынылатын болады. Сондай-ақ, байқауға 6 отандық фильм іріктеліп алынған.
Халықаралық "Бастау" студенттік және дебюттік фильмдер фестивалін "Бастау" ХКФ Бас Дирекциясы, "Кинокомпания Tanaris Production" ЖШС, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен A Team компаниясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер Академиясы, ТҰРАН Университеті, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ өткізеді. Халықаралық "Бастау" кинофестивалінің президенті Сергей Әзімовтің бастамасымен іске асқан дәстүрлі ауқымды жобаның қорытындысы мен жеңімпаздары желтоқсанның 7-сі белгілі болады.
Фестивальдің ашылу салтанаты бүгін сағат 19:00-де "Алатау" дәстүрлі өнер театрында режиссер Шарипа Оразбаеваның "Мәриам" фильмімен ашылады. Фестивальдің барлық фильмдері Bekmambetov Cinema кинотеатрлар желісінде көрсетілу жоспарланған.
Оқи отырыңыз: