Электр самокаттарының қатысуымен 47 апаты болып, 51 адам түрлі дене жарақаттарын алған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Алматыда жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 359 жол-көлік оқиғасы орын алды, оның салдарынан 364 адам түрлі дене жарақаттарын алып, 6 адам қайтыс болды. Электр самокаттарының қатысуымен 47 апат орын алып, 51 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 15 мыңнан астам мопед жүргізушілері, сондай-ақ самокат тізгіндеген 12 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрбір ата-ана кәмелетке толмаған балаларға электрлік самокаттарды, мопедтерді және скутерлерді мінуге рұқсат берер алдында баланың қауіпсіздігі, денсаулығы мен өмірі туралы ойланғаны жөн. Қалада балалардың қатысуымен 623 жол-көлік оқиғасы болды, - деді Салтанат Әзірбек.
Заңға сәйкес, 16 мен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандарға жол бойында электр самокаттарды жүргізуге тыйым салынатынын еске салды. Бұл үшін ӘҚБтК-нің 620-бабы “Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу” бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Заңды өкілдер ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы – кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу, оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.